Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алаяқтар қазақстандықтардың банк картасындағы ақшасын қалай ұрлауы мүмкін

Опубликовано:

Банк картасымен төлем жасау
Банк картасымен төлем жасау. Көрнекі сурет: pixabay.com

Банк картасынан ақша ұрлау үшін картаға қол жеткізу міндетті шарт емес, алаяқтарға деректерді көшіріп алудың өзі жеткілікті. Алаяқтық схема қалай жүзеге асырылатыны туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Банк карталары Қазақстанда бұрыннан бар, бірақ карта ұзақ уақыт бойы ел тұрғындары үшін жалақы алуға және банкоматтан ақша шешуге арналған құрал ғана болған.

Алайда ұялы телефон банкингі дамығалы жағдай өзгере бастады. Бүгінде қазақстандықтар қолма-қол ақшасыз төлем жасауды жөн санайды.

Дегенмен алаяқтар да бір орында тұрмайды. Қауіпсіздік шаралары күшейген сайын алаяқтар да міндетті түрде ақша ұрлаудың жаңа тәсілдерін ойлап табады.

"Касперский" лабораториясының мамандары дүниежүзі мен Қазақстанда алаяқтықтың қай түрі жиі кездесетінін және олармен қалай күресуге болатынын айтып берді.

Әмиян ұстап тұрған ер адам
Терминалдың жанында әмиян ұстап тұрған ер адам. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Банк карталарының көшірмесін жасауға бола ма?

Бұрын банк картасы ақпаратты тек магниттік жолақта сақтаған кезде алаяқтар картаның көшірмесін оп-оңай жасап алып, онымен дүкендер мен банкоматтарда төлем жасай беретін.

Бірақ чипі бар заманауи банк картасының көшірмесін жасау оңай емес. Сондықтан алаяқтар төлем терминалдарына вирус кіргізіп, адам терминалға картасын енгізген кезде картадағы деректердің бір бөлігін көшіріп алады.

Осылайша алаяқтар азаматтың жеке ақпаратын пайдаланып, төлем жасау туралы сұраныстарды жібереді. Көп жағдайда алаяқтардың схемасы транзакцияның параметрлері егжей-тегжейлі тексерілмеген кезде және карта бойынша барлық тиісті протокол орындалмаған жағдайда ғана жүзеге асады.

Ал қауіпсіздік деңгейі жоғары банктерде алаяқтар одан да күрделі әдістерді қолданады. Дәлірек айтсақ, азамат төлем жасау үшін картасын енгізген кезде вирус жұққан терминал басқа транзакцияны жасау туралы сұраныс жібереді. Осылайша картаның деректері толық көшірілмегенімен, адамның картасындағы артық ақша қолды болады.

Алаяқтардан қорғану үшін телефон арқылы контактісіз төлем жасауға болады. Оның қорғаныс деңгейі жоғарылау.

Егер картаны терминалға салуға тура келсе, PIN-кодты енгізу жолында күдік тудырарлық өзгерістер бар-жоғын мұқият тексеріп, құпия нөмірді өзгелерге көрсетпей енгізгеніңіз абзал.

Егер терминал контактісіз төлемді қабылдамаса, ал экранда күдікті хабарламалар пайда болса немесе PIN-кодты қайта енгізу қажет болса, сақ болғаныңыз жөн және қосымша қорғаныс шараларын қабылдаған артық етпейді.

Ақау тіркелген жағдайда жеке шотыңыздан ақшаның кеткен-кетпегенін тексеріп, карта арқылы шешіп алуға болатын ақша сомасының шегін орнатуға болады.

Ноутбук алдында жұмыс істеп отырған ер адам
Ноутбук алдында жұмыс істеп отырған ер адам: pxhere.com

Банк картасының деректерін интернет арқылы қалай көшіреді?

Алаяқтар жиі банк картасының деректерін интернет арқылы көшіруі мүмкін. Әдетте олардың мақсаты - онлайн төлем жасаған адамның карта деректерін көшіріп алу. Оған карта нөмірі, оның жарамдылық мерзімі және артқы жағындағы үш саннан тұратын растау коды кіреді.

Елге байланысты иесінің аты және басқа мәліметтер де қажет болуы мүмкін. Оларды жинаудың кем дегенде үш тиімді жолы бар.

Алдымен алаяқтар төлем шлюзі мен интернет-дүкендердің тура көшірмесін жасап, адам фишинг (өтірік сайт) сайтқа кіріп, банк картасының деректерін терген жағдайда тез арада көшіріп алады.

Екіншіден, олар шынайы интернет-дүкеннің веб-сайтына немесе азаматтың компьютеріне зиянды код енгізу арқылы жеке ақпаратына қол жеткізе алады.

Үшіншіден, шынайы интернет-дүкенді бұзып, тұтынушылардың төлем карталары туралы сақталған ақпаратты ұрлауы мүмкін. Бұл әдіс ескі болғанымен, әлі де өзекті. Сарапшылардың пайымдауынша, 2022 жылы әлем бойынша банк деректерін ұрлауға бағытталған хакерлік шабуылдың саны екі есе өскен.

Өзіңізді алаяқтардан қорғау үшін онлайн төлемдер жасауға мүмкіндік беретін виртуалды банк карталарын қолданған абзал. Өйткені оған жасалатын онлайн төлемдердің шегін орнатуға болады, оған қоса картада шағын соманы ғана сақтап, қажет болған жағдайда басқа шотқа аударуға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ банк үнемі бір реттік кодты пайдаланып онлайн төлемдерді растауды талап ететініне көз жеткізуіңіз керек және төлем түрі мен қаржылық ақпаратыңыз енгізілген сайттың адресін мұқият тексеру қажет.

Карталар мен телефон ұрланған жағдайда не істеу керек?

Қарапайым көше ұрыларын да естен шығармау керек. Ұрлықшы картаңызды ұрлап алса PIN-код талап етпейтін кез келген жерлерде төлем жасап жүре беруі мүмкін.

Ұрланған смартфон ұрылар үшін құнды. Егер құрылғыға Google Pay орнатылған болса, ұрыларда экран құлпын ашпай-ақ рұқсат етілген төлем шегінде контактісіз төлем жасауға мүмкіндік туады, бұл ұрлықтың құрбаны болған адамға қосымша залал келтіреді.

Картаңыз бен телефоныңыз ұрланған жағдайда дереу банктерге барлық картаңызды бұғаттап тастауға өтініш беріңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2016761-alayaqtar-qazaqstandyqtardyn-bank-kartasyndagy-aqsasyn-qalai-urlauy-mumkin/

pixel