Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан жастары неге ақша жинай алмайды: мамандар себебін түсіндірді

Опубликовано:

Ақшасын қалтасына салып қойған ер адам
Қомақты ақшаны қалтасына салып қойған ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жастық шақта ақшаны дұрыс пайдалана білу дағдысы адамның болашақ әл-ауқатына әсер ететіні сөзсіз. FinGramota қазақстандық жастар бұл мәселеде қандай қателіктерді жиі жіберетіні туралы талдап шыққан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әдетте Қазақстанда жастар ақшаны үнемдеу және орнымен жұмсау мәселесімен мектеп бітіргеннен кейін бетпе-кет келіп жатады.

Бірақ тәжірибесі болмағандықтан, ақшаға қатысты шешімдерді дұрыс қабылдай алмайтын кездер көп кездеседі, соның салдарынан қарызға батып, қаржылық жағдайы да нашарлап кетуі ықтимал.

Бюджетті жоспарламау

"Жастар стипендиясын немесе жалақысын бірнеше күнде жұмсап тастап, қалған айын күнкөріспен өткізеді. Бұл көбіне қаржылық жоспардың болмағанына байланысты.

Сондықтан жастар, әсіресе студенттер, ең алдымен өз шығынын жоспарлауды үйренуі керек", делінген дереккөзде.

Студенттер мен жас мамандар қаржысын маңызды және маңызды емес деп екіге бөлгені абзал.

Яғни коммуналдық қызметке, азық-түлікке, интернетке, ұялы байланысқа, көлікке және т.б. қажеттіліктерге ай сайын қанша ақша жұмсалатынын міндетті түрде есептеу керек. Ал қалған сома күнделікті шығындарға бөлінгені жөн.

Бұл жас азаматқа өз шығындарын бір ай бұрын жоспарлауға және қарызға батпауға мүмкіндік береді.

Тапқан табысынан жұмсағаны көп

Әлеуметтік желідегі агрессивті жарнама мен тұтыну мәдениетінің дамымауына байланысты жас қазақстандықтар артық шығынға батып, қажет емес дүниелерге ақшасын жұмсап қоюы мүмкін. Олар сән мен трендтен қалмауға тырысады және жаңа гаджеттер мен киім-кешектерді сатып алуға әуес. Ал ақша жетпей қалған жағдайда жастар несиеге жүгініп, қарызға батады.

"Несие - бұл болашақтың есебінен өмір сүру екенін есте сақтаған жөн! Несие алуға өтініш бермес бұрын жақсылап ойланыңыз ол сізге шынымен қажет пе және мойныңызға күрделі қаржылық міндеттемелерді қабылдауға дайынсыз ба?

Жеке бюджетіңізге қосымша салмақ түсірмеуге тырысыңыз. Қызықты жарнамаларға алдана бермеңіз.

Ал бастысы - "ескі" кредитті өтеу үшін жаңа несие алудың қажеті жоқ, әсіресе оның да шарттары тиімді болмаса, ешқашан ондай несие алмаңыз", деп кеңес береді FinGramota.

"Сақтандыру" шарасын қарастырмайды

Артық шығындардың көп болуының салдарынан жастарда қорда тұратын артық ақша да болмайды.

Сондықтан жастар кенет ақша қажет болып қалса, қайтадан кредиторларға: банктер мен микроқаржы ұйымдарына жүгінеді.

Сондықтан қаржылық қор қалыптастыру үшін ақшаны үнемдеуді үйрену қажет.

Мақсат қоюды білмейді

Көбіне қазақстандық жастар көп қаражатты қажет ететін жеке кәсіп ашуға немесе саяхаттау секілді дүниелерге құмар келеді. Дегенмен нақты қаржылық жоспар жасалмаса, бұл мақсаттарға жету оңайға соқпайды.

Сондықтан мақсат қойып, оған жету жоспарына әр қадамды белгілеу өте маңызды: нақты мерзім орнату керек, қажетті соманы және жинақ түрін ойластыру керек. Бұл сіздің идеяларыңызды жүзеге асыру үшін қадам жасауға мүмкіндік береді.

"Мүмкіндігіңізге қарай, "көрпеңізге қарай көсіле" өмір сүру дұрыс қағида. Дегенмен үнемдеймін деп жүріп, өмір сүруді де ұмытудың қажеті жоқ. Кейде өзімізді қуанту керек екенін де ұмытпауымыз керек. Бюджеттің шеңберінен асып кетпей, кинотеатрға немесе кафеге баруды, ойын-сауыққа ақша жұмсауды алдын ала жоспарлаған дұрыс", деп жазылған дереккөзде.

Жеңіл ақша табу

Қазақстандық жастар жеңіл әрі тез ақша табуға ұмтылып, байлық пен сән-салтанатты өмірді насихаттайтын жарнамаларға жиі сеніп қалуы мүмкін. Бұл қаржылық пирамидалар мен басқа да жасырын ұйымдардың арбауына түсіп қалу қаупін тудырады.

Мұндай пирамидалардың басты ерекшелігі – жәбірленушіге салған инвестициясын бірнеше есе көп мөлшерде қайтару туралы жалған уәде беру.

"Делдалдық арқылы жоғары табыс, пайдасы көл-көсір онлайн-жобалар немесе адам тартқаны үшін ақша беруді, инвестициялардың қайтатытынына кепілдік беруді уәде етеетін компанияларға тарту туралы ұсыныстарға сенбеңіз. Мұндай уәделерді тек алаяқтар ғана береді. Үнемі тұтынатын ақпаратыңызды екі қайталап тексеріп, мүмкіндігінше сауатты болыңыз", – делінген FinGramota сайтында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2017202-qazaqstan-zastary-nege-aqsa-zinai-almaidy-mamandar-sebebin-tusindirdi/

pixel