Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда банк жұмысы тоқтатылған жағдайда салымшыларға ақшаны кім қайтарады

Опубликовано:

Тиын
Тиын. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстандағы банктік депозиттердің сақталатынына заң бойынша кепілдік берілген. Демек банк жұмысын тоқтатқан жағдайда қаражат иесіне қайтарылады деген сөз. Бұл орайда төлемдер кімнің есебінен жүзеге асырылатынын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Әр түрлі экономикалық факторлардың әсерінен кейбір екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) өз міндеттемелерін орындау мүмкіндігін жоғалтуы ықтимал. Бұл жағдайда мемлекет олардың лицензиясын тәркілеп, банкті тарату рәсімін бастайды.

Қазақстанда соңғы жылдары 9 екінші деңгейлі банк бірден лицензиясынан айырылған: Kazinvestbank, Valut-Tranzit Bank, Delta Bank, Qazaq Banki, Eximbank Kazakhstan, Bank of Astana, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan.

Дегенмен мемлекет банк тарату кезінде салымшыларға тигізетін зиянын барынша азайтуға тырысқан. Нәтижесінде оларға 114 миллиард теңгеден астам төлем жасалып, 419 мыңнан астам адам өтемақысын ала алды.

Төлемдер кімнің есебінен жүзеге асырылады?

Исламдық банктерді қоспағанда екінші деңгейлі банктердегі барлық депозитті Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДҚҚ) қорғайды. Егер банк лицензиясынан айырылса, салымшылардың шоттарында сақталған қаражатын халыққа осы қор қайтарады.

Кепілдіктің ең жоғары сомасы, яғни салымшыға міндетті түрде қайтарылуға тиіс сома 20 миллион теңгеге жетеді. Бірақ бұл лимит тек ұлттық валютадағы жинақ салымдары үшін ғана жарамды.

Теңгемен сақталған карталардағы, шоттардағы және басқа да депозиттегі қаражат үшін кепілдік сомасы азырақ – 10 миллион теңге. Ал ақша шетел валютасында сақталған жағдайда теңгемен есептесек 5 миллионнан артық қайтарылмайды.

Осы орайда қазақстандықтарда аталған соманы кім төлейді деген сұрақ туындауы мүмкін. ҚДҚҚ баспасөз орталығында төлем арнайы резерв есебінен жасалады, деп түсіндірді.

Арнайы резерв бірнеше кірістен құрылған:

  • депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тоқсан сайынғы төлемі;
  • меншікті активтерді және қордың арнайы резервінің активтерін орналастырудан түсетін инвестициялық кірістер;
  • кепілдік бойынша төленген өтемақы сомасына қатысты қор талаптарын қанағаттандыру кезінде банктердің тарату комиссияларынан түсетін ақша.

Сондай-ақ депозиттерге кепілдік беру туралы заңға сәйкес, арнайы резервті басқа да кіріс көзінен құруға мүмкіндік бар.

Мәселен, 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорының резерві — 815 млрд теңгені, ал қордың жарғылық капиталының 70%-ын есепке алғанда – 980,1 млрд теңгені құрайды.

ҚДҚҚ мәліметінше, заңға сәйкес, арнайы резервтің мақсатты мөлшері барлық кепілдік берілген депозиттер сомасының кемінде 5 пайызын құрауға тиіс. Қазіргі уақытта арнайы резервтің қаражаты қордың жарғылық капиталын ескере отырып, еліміздің депозиттік базасын 5,7 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіп отыр.

Бүгінде жалпы Қазақстандағы банк шоттарының 99,8%-ы кепілдікте, алайда халықаралық стандарт бойынша 90-95 пайызы ғана кепілдікте болғаны жеткілікті.

Арнайы резерв өтемақы төлеуге жетпесе не болады?

Теориялық тұрғыдан алып қарасақ, арнайы резервтегі қаражат жеткіліксіз болуы мүмкін. Бірақ бұл инвесторлар ақшасыз қалуы мүмкін деген сөз емес.

Бұл жағдайда депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер қорға біржолғы қосымша жарна төлейді, бірақ өткен маусым үшін төленген жарна сомасынан екі есе сома — шекті сома саналады және одан асып кетпеуі керек.

Одан кейін де төлемдерге ақша жетпей қалса, қор Ұлттық банкке жүгініп, тиісінше, несие ала алады.

Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша қазақстандық банктердегі жеке тұлғалардың депозиттерінің көлемі 15,7 трлн теңгеден асты және қаражаттың басым бөлігі (72,4%) теңгемен сақталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2017571-qazaqstanda-bank-zumysy-toqtatylgan-zagdaida-salymsylarga-aqsany-kim-qaitarady/

pixel