Жазатайым оқиға кезінде қазақстандықтардың сақтандыру төлемдері қалай ұрлануы мүмкін
Жарияланған күні:
Қазақстандықтарға сақтандыру төлемдерінен ірі көлемде ақша алу мүмкіндігі қарастырылған. Бірақ делдалдарға жүгінген азамат қаражатын жоғалтып алуы ықтимал. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қазақстандықтар тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде жиі "көмекшілердің" ақылы қызметтеріне жүгінеді.
Кейбіреулер уақытты үнемдеу үшін және белгілі бір қызметті алудың жолын білмегендіктен жиі ақылы қызметтерді іздейді. Делдалдық бойынша сапалы қызметке жүгіну тиімді шешім болуы мүмкін.
Дегенмен "көмекшілер" қазақстандықтарды жиі артық шығынға ұшыратады. Әсіресе сақтандыру саласы аясында алаяқтар көптеп кездеседі.
Жазатайым оқиға кезінде қазақстандықтарға қанша төлем берілуге тиіс?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, "көмекшілер" көбіне өз қызметін жол-көлік оқиғасына тап болған азаматтарға ұсынады және автокөлікті міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерін алуға уәде береді.
Сақтандырылған адамның денсаулығына немесе өміріне келтірілген зиян үшін Қазақстан азаматтарына 2023 жылы сақтандыру төлемдері бойынша мынадай сома төленеді:
- қайтыс болған жағдайда – 2 000 АЕК, немесе 6 900 000 теңге;
- мүгедектік белгіленген кезде – бірінші топтағылар үшін 1600 АЕК (5 520 000 теңге), екінші топтағылар үшін 500 АЕК (1 725 000 теңге), ал бала мүгедек болған жағдайда 1 000 АЕК (3 450 000 теңге) төленуге тиіс;
- мүгедектікке әкеліп соқпаған дене жарақаты кезінде немесе денсаулыққа өзге де зақым келтірілген жағдайда сақтандыру төлемдері амбулаториялық немесе стационарлық емдеуге жұмсалған нақты шығындар мөлшерінде төленуге тиіс, бірақ 300 АЕК-тен (1 035 000 теңгеден) аспауы керек.
Алайда "көмекшілерге" жүгінген қазақстандықтар бұл төлемдердің басым бөлігіне қол жеткізбеуі ықтимал.
Делдалдар қалай алдайды?
"Жазатайым оқиғадан қайтыс болған адамның асырауында балалары немесе ата-анасы болса, заң бойынша олар 2 000 АЕК немесе 6,9 миллион теңге (2023 жылғы АЕК мөлшері – 3 450 теңге) көлемінде сақтандыру төлемін алуға құқылы.
Алаяқтар туыстарының қиын моральдық жағдайын пайдалана отырып, олармен шарт жасасып, сақтандыру төлемдерін алуға сенімхат рәсімдейді.
Олар тек жәбірленушінің туыстарынан сақтандыру компаниясына бар керекті құжаттарды тапсырады. Сондай "көмекшілердің" басым бөлігі сақтандыру бойынша берілген төлемнің жартысын не одан да көп мөлшерін қалтасына басады, бұл көрсетілген қызмет көлеміне сай емес төлем болып табылады", – деді министрлік.
Яғни алаяқтар төлемдерді ұйымдастыруға көмектескені үшін сізден қомақты қаражат алады, бірақ қазақстандық азамат бұл процедураларды өзі де оңай әрі тегін рәсімдей алады.
Бүгінде азаматтардың сақтандыру нарығына деген сенімі жоғалып барады, өйткені "көмекшілер" олардың көмегінсіз сақтандыру төлемін алу мүмкін емес деген көрініс қалыптастырады.
Сонымен қатар мұндай арам қызмет оңай жолмен ақша табудың қалыптасқан схемасына айналғанын байқауға болады. Ал заңды түрде өзіне тиесілі төлемдерін ала алмаған азаматтың саны жылдан-жылға артуда.
Сақтандыру төлемдерін қалай алуға болады?
2022 жылы сақтандыру төлемдерін алу процесін жеңілдету үшін заңнамалық өзгерістер енгізілді.
Енді барлық қажетті құжатты, оның ішінде бенефициарлар туралы ақпаратты да сақтандырудың бірыңғай деректер базасы (www.mkb.kz) арқылы мемлекеттік органдардан онлайн алуға мүмкіндік бар.
"Бұл сақтандыру ұйымдарына қайтыс болған адамның асырауындағы адамдарды анықтауға, қажетті құжаттарды жинауға көмектесу және оларға тікелей сақтандыру төлемін төлеу бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Сақтандырушылардың сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруы үшін комиссиялар мен алымдар қарастырылмаған", - делінген қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.
Яғни сақтандыру бойынша қаражат алу үшін жәбірленушінің жақын туыстары жазатайым оқиғадан зардап шеккен адамның жауапкершілігі сақтандырылған сақтандыру компаниясына немесе жазатайым оқиғаға кінәлі тұлғаның сақтандыру ұйымына хабарласуы керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2018123-zazataiym-oqiga-kezinde-qazaqstandyqtardyn-saqtandyru-tolemderi-qalai-urlanuy-mumkin/