Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Аста-төк той: Қазақстанда ақшаны тойдан бөлек неге жұмсауға болады

Опубликовано:

Заманауи жас жұбайлар
Жас жұбайлар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Үйлену тойы мен басқа да түрлі мерейтой, іс-шараларды ұйымдастыру қымбат болуы мүмкін. Сондықтан тойға кететін ақшаны қалай тиімді сақтауға немесе оны тиімдірек жұмсауға болатыны туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қазақстанда отбасын құру кезінде азаматтар мәдени және этникалық ерекшеліктеріне қарай бірден бірнеше іс-шара түрін өткізіп жатады.

Әдетте оған үйлену тойынан бөлек қызды ата-анасының үйінен ұзату, отбасы мүшелеріне қалың мал беру және т.б. кіреді.

Мұндай іс-шаралардың жалпы бюджеті мерекенің ауқымына байланысты ондаған миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін: тамаққа, мейрамхана мен қызметкерлерге, лимузин мен қонақүйді жалға алуға, күйеу жігітке костюм сатып алуға және қалыңдыққа арналған көйлек таңдауға, ойын-сауық және т.б. кетеді.

Сонымен қатар той жасау үшін азаматтар жиі несие алады, ал тойдан жиналған ақшаның кеткен шығынды ақтауы екіталай.

Осы орайда қазақстандықтарды аста-төк тойға шығынданудың орнына ақшаны қалай тиімді жұмсауға болады деген сұрақ мазалауы мүмкін. Бұл сұраққа жауап іздеп көрелік.

Инвестиция жасап, пайда табыңыз

Жас жұбайлардың той бюджеті 3 миллион теңге деп алайық. Мұндай соманы түрлі тәуекелді қаржы құралдарына салуға болады.

Егер ақша банктік депозитке салынса, ең жоғары мөлшерлеме бойынша жинақ салымдарын пайдалануға болады. Материалды жазған күндегі жағдай бойынша ең жоғары мөлшерлеме жылына 18,3 пайызды құрайды (толтыру құқығынсыз).

Алты ай ішінде мұндай салым 285 181 теңге пайда әкелуі мүмкін, ал ақша қауіпсіздік кепілдігімен қорғалады. Сондай-ақ азаматтар кепілдіксіз депозиттік сертификаттарды сатып ала алады.

Әлдеқайда көп тәуекелді қажет ететін, десе де тиімдірек болуы мүмкін әдістердің бірі - акциялар мен биржалық қорларға инвестиция жасау. Облигация құралы да соның ішіне кіреді. Облигация - бұл ақшаны компанияларға немесе мемлекетке сыйақы пайызымен қарызға беру.

Мұндай инвестициялар шетел валютасында табыс әкелуі мүмкін, ал ұзақмерзімді инвестициялау арқылы одан да көп пайдаға қол жеткізуге болады.

Сақтандыру жинағы да жақсы таңдау – бұл қажетті мақсаттарға (тұрғын үй, жол жүру, балаларды оқыту және т.б.) ақша жинап қана қоймай, күтпеген жағдайларда отбасын қаржылық жағынан қорғауға мүмкіндік беретін инвестицияның бір түрі.

Яғни егер жинағыңыз болса, онда артық шығынды талап ететін тойдан бас тартып, жинағыңызды тиімдірек пайдалануға мүмкіндігіңіз бар. Ал ақшаңыз болмаған жағдайда несие алып, қарыздық жүктемеңізді көбейтпегеніңіз абзал.

Тиімді сатып алулар

Егер жоғарыда келтірілген инвестиция түрлерінің бірі де жарамаса, онда жиналған қаражатты ипотекалық бағдарламалар бойынша бастапқы жарна ретінде пайдалануға болады.

Пәтерді жалдағаннан гөрі жеке үй болған әлдеқайда тиімдірек. Бұл бағдарламалар жас отбасыға өз баспанасын сатып алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар егер баға қолжетімді болса, қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық жиналған соманы бастапқы жарнаға салмаған абзал.

Ал жас жұбайлардың баспанасы мен қаржылық қауіпсіздігі қамтамасыз етілген болса, бұл ақшаны саяхат пен демалысқа, тұрмыстық техника сатып алуға және басқа да тиімді мақсаттарға жұмсауға болады.

Яғни қазақстандықтар тойға сақталған қаражатын артық шығын әкелетін іс-шараға жұмсамай, түрлі қаржы құралдарына инвестициялап, тіпті несие мен қарыздардан құтыла алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2019288-asta-tok-toi-qazaqstanda-aqsany-toidan-bolek-nege-zumsauga-bolady/

pixel