Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімін жариялады

Опубликовано:

10 мың теңгеліктер мен тиындар
10 мың теңгеліктер мен тиындар. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде ұстап тұру туралы шешім шығарды. Бұл шешімді Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті қабылдаған, деп хабарлайды Ұлттық банктің ресми сайты.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау және инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау негізінде қабылданған.

Қазақстан Ұлттық Банкі Ақша-несие саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 5 шілдеде Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Ал қазіргі жағдай турасында Ұлттық банк сыртқы ортаның проинфляциялық қысымы бәсеңдеп келетінін айтады.

"Әлемдегі инфляция, атап айтқанда, сауда-серіктес елдердегі инфляция қуат көзі мен азық-түліктің әлемдік бағасы төмендегендіктен, баяулай бастағынын көрсетіп отыр. Тұрақты нақты айырбастау бағамы аясында сыртқы бағалардың мейілінше баяу өсуі елдегі инфляцияның бәсеңдеуіне қолайлы жағдай жасап отыр", - делінген хабарламада.

Алайда Қазақстанда проинфляциялық қысым фискалдық ынталандыру, тұрақты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық болжамдар, сондай-ақ жанар-жағармай материалдары (ЖЖМ) бағасының өсуі мен күтілетін тұрғын-үй коммуналдық қызмет (ТКҚ) тарифтерінің көтерілуі тарапынан сақталуда.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2023 жылғы сәуірде жылдық инфляция 16,8 пайызға дейін баяулаған. Ведомство инфляция құрылымында азық-түлік компоненті мейлінше тез қарқынмен баяулап келетінін атап өткен.

Ал айлық инфляция 0,9 пайыз деңгейінде сақталып, орташа тарихи мәндерден жоғары қалыптасқан. Алайда 2022 жылғы қыркүйектен бастап базалық және маусымдық фактор ескерілмеген инфляцияның көрсеткіштері төмендеген. Ұлттық банктің мәліметінше, бұл инфляцияның тұрақты бөлігі мен проинфляциялық қысымның біртіндеп әлсіреуін көрсетеді.

Айта кетейік, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төртінші рет қатарынан 16,75 пайыз деңгейінде ұстап отыр. Соңғы шешім 2023 жылдың сәуірінде қабылданған болатын. Соңғы рет Қазақстанда базалық мөлшерлеме 2022 жылдың желтоқсанында – 16 пайыздан 16,75 пайызға көтерілді.

Ұлттық банктің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, базалық мөлшерлеме - Ұлттық банктің ақша-несие саясатының негізгі құралы. Базалық мөлшерлеменің деңгейін белгілей отырып, Ұлттық Банк ортамерзімді кезеңде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша мақсатқа қол жеткізу үшін ақша нарығының таргеттелетін банкаралық қысқамерзімді мөлшерлемесінің нысаналы мәнін айқындайды. Базалық мөлшерлеменің өзгеруі ақша нарығының пайыздық мөлшерлемелері мен валюта бағамы арқылы инфляция қарқынына әсер етеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2022189-ulttyq-bank-bazalyq-molserlemege-qatysty-sesimin-zariyalady/

pixel