Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда бензин мен дизель отыны қаншаға қымбаттады

Опубликовано:

Жанармай бекеті
Жанармай бекеті. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақстанда кейбір мұнай өнімдерінің шекті бағасы көтерілгеннен кейін олардың бөлшек саудадағы бағасы да өсе бастады. Бензин мен дизель отынының қаншалықты қымбаттағаны туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Биыл 12 сәуірден бастап Қазақстанда мемлекет реттейтін мұнай өнімдерінің шекті бағасын көтеру туралы Энергетика министрінің бұйрығы күшіне енді. Бұл шара жанармай тапшылығы болмауы үшін қабылданған.

Бұйрық күшіне енгеннен кейін алғашында жанар-жағармай құю станцияларының (ЖЖМ) баға белгілерінде түбегейлі өзгерістер болған жоқ. Мамандардың пайымдауынша, мұнай базаларында бұрынғы бағамен сатып алынатын жанар-жағармайдың мөлшері әлі де жеткілікті, сол себепті әзірге ешқандай өзгеріс байқалмаған. Алайда уақыт өте баға ақырындап жоғарылай бастады.

Нәтижесінде сәуір айында наурыз айындағы көрсеткіштерімен салыстырғанда жанар-жағармай құны айтарлықтай өскен. Сондай-ақ бағаның көтерілуіне дизельдік отын мен АИ-92 бензині ғана емес, Энергетика министрлігінің бұйрығымен белгіленбеген және тиісінше реттелмейтін сорттар да әсер еткен.

"Талдау" ақпараттық-сараптамалық жүйесінің мәліметінше, сәуір айында АИ-95 маркалы бензиннің бір литрінің орташа бағасы 218 теңге болып бекітілген. Бұл 2023 жылдың басынан бергі алғашқы өсім еді. Өсім көрсеткіші айына 1,87 пайызды құраған.

Жанармай бағасының өзгеруі
Жанармай бағасының өзгеруі. Инфографика: "Талдау" ақпараттық-сараптамалық жүйесі

АИ-92 бағасы орташа есеппен литріне 199 теңгеге (өсім – 10,56 пайыз), ал жазғы дизельдік отынның бағасы 289 теңгеге дейін (бір айда 19,92 пайызға өсті) қымбаттаған.

Кейбір аймақтарда жанар-жағармай бағасы әлдеқайда жоғары. Мысалы, АИ-92 Алматы, Астана, Қарағанды ​​және Қонаев тұрғындары үшін ең қымбат жанармай болып табылады – бір литрі әрі кеткенде 205 теңге тұрады. АИ-95 маркалы жанармайының ең жоғары бағасы Қонаев қаласында – 223 теңге.

Ал ең қымбат жазғы дизельдің бағасы Жезқазған, Ақтау, Павлодар, Өскемен, Семей және Алматы қаласында – бір литрі 295 теңге тұрады.

Айта кетейік, жанар-жағармай бағасы өскенімен, Қазақстан әлі де жанармай бағасы арзан ел ретінде ерекшеленеді. Жанар-жағармайдың жиі көрші елдерге экспортталатыны да және ішкі нарықтағы тапшылықтың туындау себебінің бірі де осында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2022638-qazaqstanda-benzin-men-dizel-otyny-qansaga-qymbattady/