Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Несиелік демалыс": Қазақстанда несие бойынша төлем мерзімін қалай кейінге шегеруге болады

Опубликовано:

Теңге
Теңге. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Кейде адамның қаржылық жағдайы нашарлаған кезде оған несие төлеу мерзімін кейінге шегеру қажет болуы мүмкін. "Несиелік демалыс" деген не және оны қалай алуға болатыны туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Әдетте адамдар "несиелік демалысты" қарызды өтеуден белгілі бір уақытқа босату кезеңі деп түсінеді. Бірақ шын мәнінде бұл жай ғана кейінге қалдырылған төлемдер болып табылады. Оларды ерте ме, кеш пе бәрібір төлеу керек.

Мысалы, әскери қызметшілер өз қызметін атқарып жүрген кезінде несие мен кредит бойынша пайыздарды төлеуді кейінге қалдыруы мүмкін. Алайда белгілі бір санатқа жатпайтын қарыз алушылар "несиелік демалысты" рәсімдеу үшін қаржылық жағдайының нашарлағанын дәлелдеуге тиіс. Бұл жағдайда кредит төлемін кейінге қалдыру шарттары өзгеше болады.

Банктер мен микроқаржы ұйымдарынан (МҚҰ) алынатын "несиелік демалыс"

Еске сала кетейік, 2020 жылы пандемия уақытында төтенше жағдайға байланысты "несиелік демалыс" алуға болатыны туралы хабарланған болатын.

Қарыз алушылар банкке мерзімін ұзарту туралы өтінішпен жүгіне алады немесе қазіргі мәселесін шешудің мынадай жолдарын ұсына алады:

  • сыйақы мөлшерлемесін төмендету;
  • қарызды толығымен немесе бір бөлігін есептен шығару (айыппұлдар, өсімпұлдар, комиссиялар), бірақ мұны банкроттықпен шатастырмау керек;
  • несиенің мерзімін немесе оны өтеу әдістерін өзгерту және т.б.

Бірақ несие шарттарын қайта қарауды мақұлдау үшін әуелі кірістің расымен азайғанын дәлелдеу қажет.

Бұл ретте, кредит төлеуді кейінге қалдырған жағдайда пайыздар бұрынғыдай жинақтала беретінін және кредитті төлеу кезінде есепке алынатынын есте ұстаған жөн - қарыз алушы оларды несие мерзімінің созылғанына байланысты немесе ай сайынғы төлем сомасының ұлғайғанының салдарынан жиналған пайызымен қоса төлеуге тиіс.

Несие шарттарын қарау туралы өтінішті төлем мерзімі кешіктірілмей тұрғанда берген абзал. Банктер мен МҚҰ оны қарастырып, жауап беруге міндетті болады, ал қарастырудан бас тартқан жағдайда себебін түсіндіруге тиіс.

Ал егер несие берушілер борышкердің өтінішін негізсіз қанағаттандырмаса, онда қазақстандықтар азаматтық құқықтың бұзылғаны туралы шағым түсіре алады.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру

Сондай-ақ қарыз алушының қаржылық жағдайы қиындай түскен кезде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процедурасы жақсы шешім болуы мүмкін. Бұл — мерзімі өтіп кеткен несиелері бола тұра, тұрақты табысы бар борышкерлерге қолжетімді мүмкіндік.

Төлем мерзімі кейінге қалдырылған жағдайда қазақстандыққа бұрынғыдай қарызы бойынша белгілі бір пайыздар жиналып отыратын болса, қарыз алушыға сот арқылы кредитті бөліп төлеу жоспары ұсынылады. Бөліп төлеу жоспарының мерзімі бес жылға дейін созылады.

Бұл ретте борышкердің қаржылық жағдайы жан-жақты зерттеліп, қатаң график құрылатынын ескеру керек.

Бірақ бұл мүмкіндіктің банкроттықтан айырмашылығы, қазақстандықтар мүлкінен айырылмайды және несие тарихының нашарлауына әкелмейді.

Қысқаша айтсақ, Қазақстанда "несиелік демалыс" тек әскери қызметкерлерге қолжетімді. Бірақ егер қарапайым қарыз алушы жұмыстан босатылса немесе төлемді кешіктіруге әкелетін басқа да себептерге тап болса, ол банктерден және МҚҰ-дан төлемдердің мерзімін кейінге шегеру туралы өтініш бере алады.

Алайда бұл жағдайда да белгілі бір пайыз жиналып, қарыз алушы артық төлем жасауға мәжбүр болады.

Ал азаматтың мойнында мерзімі өтіп кеткен қарыз болып, тұрақты табысы болған жағдайда төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігін пайдалануға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2023141-nesielik-demalys-qazaqstanda-nesie-boiynsa-tolem-merzimin-qalai-keiinge-segeruge-bolady/