Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда бірыңғай жиынтық төлем жойылғаннан кейін МӘМС үшін қалай төлемді жасауға болады

Жарияланған күні:

Теңге ұстап тұрған әйел
Теңге. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бірыңғай жиынтық төлем өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жасалып, оған әр түрлі төлем түрі енгізілген болатын. Оны алып тастағаннан кейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды қалай төлеуге болады? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Бірыңғай жиынтық төлем (БЖҚ) 2019 жылы бес жылға арнап жасалған еді. Сондықтан оның мерзімі 2024 жылдың 1 қаңтарында аяқталады.

Бұл ретте БЖҚ мөлшері биыл қалалар үшін 1 АЕК (3 450 теңге), ал ауылдық жерлер үшін 0,5 АЕК (1 725 теңге) құрайды. Ол мынадай төлемдерді қамтиды:

  • табыс салығы – төлем сомасының 10 пайызына тең;
  • міндетті зейнетақы жарналары – жалпы сомадан 30 пайызы алынады;
  • мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарға БЖҚ-ның 20 пайызы беріледі;
  • міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – 40 пайызын алады.

БЖҚ мерзімі аяқталғаннан кейін бұл төлемдер басқаша жасалуы керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) баспасөз қызметінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды қалай төлейтіні туралы айтып берді.

Медициналық сақтандыруды қалай төлеуге болады

Бұрын БЖҚ төлеушісі болған өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды дербес төлеуші ретінде ала алады.

Биылғы жылы бұл төлемдердің мөлшері айына 3500 теңгені құрайды.

"МӘМС туралы заңға сәйкес, сақтандырылған тұлға мәртебесін алу үшін азаматтар 12 ай бойы төлем жасауы керек екенін ескеру қажет. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам соңғы бір жыл ішінде БЖҚ төлеген жағдайда 2024 жылдан бастап ол дербес төлеуші ретінде ай сайынғы төлемдерді жасай алады.

Егер азамат төлемді толық емес жылға жасаса, мысалы, 2023 жылдың тек 7 айына төлеген болса, онда қалған 5 төленбеген айды дербес төлеуші ретінде әр айға 3500 теңгеден төлеу қажет", – делінген ӘМСҚ хабарламасында.

Бұл ретте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша төлем Қазақстанның кез келген банкінде (мобильді қосымшалардың да көмегімен) және Қазпошта бөлімшелерінде қабылданады. Төлемді жүзеге асыру кезінде төлеуші өзінің идентификациялық нөмірін және төлем жүргізілген уақыт аралығын көрсету керек.

"Әзірге азаматтар жыл соңына дейін БЖҚ төлеуді жалғастырады.

2024 жылы сақтандырылған тұлға мәртебесін жоғалтып алмас үшін азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркеле алады немесе дербес төлеуші ретінде жарна төлей алады", – деп хабарлады мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2026341-qazaqstanda-bzq-zoiylgannan-keiin-mams-usin-qalai-tolem-zasauga-bolady/