Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сарапшылар Қазақстанда қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасының төмендеп жатқанын анықтады

Опубликовано:

Ақша және құрылыс
Тұрғын үй құрылысы және ақша. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстанда тұрғын үй бағасы әлі де айтарлықтай жоғары, дегенмен сарапшылар қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасының аздап төмендегенін тіркеген. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Крыша" порталының сарапшыларына сілтеме жасап хабарлайды.

Биылғы жылдың маусым айына қарай Қазақстанның бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үй нарығындағы баға көрсеткіші жылына 6 пайызға және 2,8 пайызға өскен. Сондай-ақ өткен жылы бағаның өсуі айтарлықтай жоғары болған еді, ал соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлік бірден 84,2 пайызға қымбаттаған.

Дегенмен соңғы жарты жылда сарапшылар қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасының сәл төмендегенін байқаған. Осылайша жүргізілген мониторингке сәйкес, еліміздегі 17 қаланың ішінде 10 қалада алты ай ішінде қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасының төмендегені тіркелді. Орташа есеппен алғанда, 2022 жылғы желтоқсан айының көрсеткіштерімен салыстырғанда қайталама нарықтағы тұрғын үйдің бағасы 0,6 пайызға төмендеген.

Кейбір қалаларда қайталама нарықтағы тұрғын үйдің құны күрт төмендеген, мысалы, Астанада – жарты жыл ішінде бірден 2,9 пайызға төмендеді. Алайда бұл ретте Алматы, Шымкент және Павлодардағы баға желтоқсандағы көрсеткішке қайта оралған.

Тек Ақтау (5,1 пайыз өсім), Атырау (1,1 пайыз), Қызылорда және Тараз (әрқайсысы 0,4 пайыз) қаласында қайталама нарықтағы тұрғын үйдің баға көрсеткіші өскен.

Маусым айында да Қазақстан бойынша қайталама нарықтағы тұрғын үйдің бағасы төмендеген. Әсіресе Қарағанды, Петропавл, сондай-ақ Шымкент және Ақтөбе қаласында 2 пайызға күрт төмендеген.

Астана мен Алматыда тұрғын үй 1,2 пайызға төмендеді. Ал Ақтау қаласында бір айда баға 0,8 пайызға өскен.

Осылайша барлық баға өзгерістерін ескере отырып, 2023 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша Алматыда қайталама нарықтағы тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің ең жоғарғы құны – 697 875 теңге екені анықталды. Астанада орта есеппен бір шаршы метр шамамен 469 125 теңге, ал Шымкентте – 426 075 теңге тұрады.

Қайталама нарықтағы тұрғын үйдің ең төменгі бағасы Қызылордада тіркелген – бір шаршы метрі небәрі 235 750 теңге, ал республика бойынша орта есеппен шамамен 371 016 теңге тұрады, бұл сарапшылардың пікірінше, мамыр айындағы көрсеткіштен 0,9 пайызға, ал жыл басындағы көрсеткіштен 0,6 пайызға төмен, бірақ өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға артық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2027525-sarapsylar-qazaqstanda-qaitalama-turgyn-uiler-bagasynyn-tomendep-zatqanyn-anyqtady/

pixel