Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Медқызметкер ақша талап етсе не медициналық қызмет көрсетуден бас тартса не істеу керек

Опубликовано:

Қағаз толтырып отырған медицина қызметкері
Қағаз толтырып отырған медицина қызметкері. Көрнекі сурет: pixabay.com

Кейде МӘМС жүйесіне қатысушылар аурухананың қызметіне жүгіну кезінде түрлі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Медициналық сақтандыру қорында мұндай жағдайда не істеу керек екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) кіретін қазақстандықтар тегін медициналық қызметтерді алуға құқылы. Алайда кей жағдайда медициналық мекемеге жүгінген кезде азаматтар медициналық қызмет алуға кедергі болатын бірқатар қиындыққа тап болып жатады.

Медицина қызметкері азаматтың "сақтандырылған" мәртебесін елемеген жағдайда не істеу керек?

Кейде медицина қызметкерлері Қазақстан азаматына сақтандырылғанына қарамастан, қызмет көрсетуден бас тартуы мүмкін. Кей жағдайда азаматтың "сақтандырылған" деген мәртебесі техникалық ақау салдарынан көрінбей қалуы мүмкін.

Өз мәртебеңізді тексеру үшін медициналық сақтандыру қорының ресми ресурстарының бірін пайдалануға болады немесе eGov.kz жеке кабинетіне кіріп, МӘМС жүйесіне соңғы 12 айдағы жарналар туралы үзінді көшірмені алуға мүмкіндік бар.

Егер мәртебеңіз "сақтандырылған" деп тұрса, ауруханадағы емделушілерді қолдау қызметіне хабарласу керек, сондай-ақ қолжетімді болған жағдайда жарналарды төлеу туралы түбіртектерді көрсетуге болады.

Егер мерзім сайынғы төлемдерде төленбеген уақыттар анықталса, онда барлық өткізіп алынған төлемнің айлары үшін сыйақылар төленуге тиіс. Алайда МӘМС бойынша төлем жасағанның өзінде азамат дәрігерге сол күні жүгіне алмайды, өйткені қазақстандыққа әдетте сақтандырылған мәртебесі үш жұмыс күні ішінде қайтарылады.

"Сақтандырылған" мәртебесі болғанның өзінде дәрігер жекелеген мамандарға жолдама бермеген жағдайда не істеуге болады?

Кей кезде медицина қызметкерлері қазақстандықта "сақтандырылған" мәртебесі болғанның өзінде жекелеген салалық мамандарға жолдама беруден бас тартатын жағдайлар болады.

Бұл жерде де қандай да бір заңбұзушылық іздемес бұрын, пациенттің өзінде жекелеген салалық медициналық қызметті алу үшін себебі бар ма, жоқ па анықтап алған жөн. Кей жағдайда нақты бір салалық медициналық қызмет көрсетудің еш қажеті болмауы мүмкін. Науқасты консультативтік-диагностикалық қызметке жіберу туралы шешімді симптомдарды, қойылған диагнозды және клиникалық хаттамаларды ескере отырып, учаскелік дәрігер қабылдайды.

Медициналық көрсеткіштер де, сақтандыру да болған жағдайда дәрігер жолдама бергісі келмесе, пациентті қолдау қызметіне хабарласуға болады. Егер жағдай шешілмесе, 1414 нөміріне қоңырау шалып, шағым қалдыруға мүмкіндік бар.

Жолдама болғанымен, күтуіңізді сұраса, не істеген жөн?

Көбіне қазақстандықтар жолдама болғанның өзінде медициналық қызметті бірден ала алмайды, себебі азамат тексерілуге немесе жекелеген салалық медициналық маманмен кеңесуге жазылмауы мүмкін, салдарынан медициналық қызметті алушыға күтуге тура келеді.

Бұрын емделушілер тек өздері тіркелген емханада медициналық қызмет ала алатын немесе белгілі бір диагностикалық орталықта қымбат тексеруге жазылатын. Сондықтан квотаны күтуге мәжбүр болған кезде әдетте кешіріммен қарауға болатын еді.

Бүгінде емхана жоспарлы медициналық көмекті дер кезінде (екі апта ішінде) көрсете алмаса, науқасқа бірлесіп орындау шарты бойынша басқа медициналық ұйымға жолдама берілуі керек.

Егер емханада ол жолдаманы да беруден бас тартса, Қазақстан азаматы заңбұзушылық туралы медициналық сақтандыру қорына хабарлауы керек немесе 1414 телефон нөмірі арқылы қоңырау шалуға тиіс.

Тегін медициналық қызмет үшін ақы сұралса, қандай шара қабылдауға болады?

Кейде, тіпті, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің бөлігі ретінде және міндетті медициналық сақтандыру пакетінде көрсетілуі қажет тегін медициналық қызметтер үшін де қазақстандықтардан ақша талап етілуі мүмкін. Мысалы, қазақстандықтан медициналық қызметті алуға алдын ала жазылмағанның салдарынан КТ/МРТ нәтижелері бар диск пен пленка үшін қосымша ақы төлеуді немесе қызметті ақылы түрде пайдалануды сұрауы ықтимал.

Мұндай жағдайда науқасты қолдау қызметіне немесе бас дәрігердің медициналық көмек көрсету жөніндегі орынбасарына дереу қоңырау шалып, медициналық қызметтен бас тартуына не негіз болғанын сұрауы керек.

Егер мәселе шешілмесе, онда сіз медициналық сақтандыру қорына заңбұзушылық туралы хабарлап, ресми жауапты күтуіңіз керек. Әдетте жауап беру бір күннен бес күнге дейін созылады. Ең бастысы ақша төлемеу керек.

Ем алушы төлем жасаған кезде заң бойынша ол ақылы медициналық қызметті алуға келісімін берді деген сөз, сондықтан төленген қаражатты қайтару мүмкін емес.

Тегін медициналық қызметтердің мөлшері "таусылған" жағдайда не істеу керек?

Кей жағдайларда мемқызметкерлер қазақстандықтарға тегін медициналық қызмет көрсетуден бас тартып жатады, медицина қызметкерлері бұл әрекетін "бөлінетін қаражаттың мөлшері таусылды" деп түсіндіруі мүмкін. Бірақ шынтуайтында бұл анық заңбұзушылық екенін естен шығармаңыз.

Негізі ешқандай да шектеулер жоқ - егер жекелеген салалық медициналық маманда тексерілуге немесе консультациялық көмек алуға қатысты медициналық көрсеткіштеріңіз болса, онда дәрігер жолдама беруге міндетті.

"Сақтандырылған" мәртебесінің болмауына байланысты шұғыл көмек көрсетуден бас тартылса, не істеуге болады?

Кейде емханаға жедел ауруымен, созылмалы аурудың өршуімен, жарақатпен немесе жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) белгілерімен барған науқасқа медициналық көмек көрсетуден бас тарту жағдайлары кездеседі. Емханада бұның себебін ол МӘМС бойынша сақтандырмаған деп түсіндіруі мүмкін.

Бұл емхана тарапынан жасалған заңбұзушылыққа жатады. Өйткені төтенше жағдайлар кезінде, науқасқа дереу алғашқы көмек қажет болған жағдайда ем алушыда МӘМС бойынша "сақтандырылған" деген мәртебесі болуы міндетті емес. Мұндай жағдайда әрбір қазақстандық кез келген емханада медициналық қызметті алуға құқылы.

Науқас диспансерлік есепте тұрғанның өзінде оған медициналық қызмет көрсетуден бас тартылса, заң бойынша қандай шара қарастырылған?

Өмірде науқас әлеуметтік маңызы бар немесе созылмалы аурумен Д-тіркеуге енгізілгенімен, ем алушыда "сақтандырылған" деген мәртебесі жоқ болғандықтан, оған медициналық қызмет көрсетуден бас тарту жағдайлары кездеседі.

Бұл да заңбұзушылық. Созылмалы немесе әлеуметтік маңызы бар аурумен ауырған жағдайда D-тіркеуде тұрған барлық қазақстандық "сақтандырылған" деген мәртебеге қарамастан, аурудың аясында ғана қажетті медициналық көмек алуға құқылы.

Бірнеше жыл бойы сыйақы төлеу керек пе?

Соңғы бірнеше жылда кейбір қазақстандықтар емдеуші дәрігері міндетті медициналық сақтандыру жарнасын төлеуге кеңес берген жағдайға тап болған. Мұны істеудің қажеті жоқ.

Негізі "сақтандырылған" деген мәртебені алу үшін жылдың соңғы 12 айындағы жарналар төленуге тиіс. Егер Қазақстан азаматы міндетті медициналық сақтандыруға жарнаны мүлде төлемеген болса, қажетсіз шығындарды болдырмау үшін өткен айлары үшін емес, бір жыл бұрынғы төлемдерін өтегені жөн. Содан кейін үш жұмыс күні ішінде "сақтандырылған" мәртебесі беріледі.

Мәртебенің жоқтығына байланысты скрининг жасаудан бас тартса, не істеу керек?

Кейбір қатерлі ісіктерді ерте анықтау үшін скринингтік тексеруден өту үшін қазақстандықтар расымен сақтандырылуы керек.

Дегенмен кейбір скринингтік тексерулер тіпті 30 бен 70 жас аралығындағы сақтандырылмаған азаматтарға қолжетімді. Қолжетімді тексерулерге Маклаков немесе байланыссыз пневмотонометрия бойынша көзішілік қысымды өлшеу, жалпы холестерин мен глюкозаны анықтау, ЭКГ, сондай-ақ шыққан нәтижелерді интерпретациялау үшін терапевт тағайындау кіреді.

Жеңілдіктерге ие болған азаматтарға медициналық қызмет көрсетуден бас тартқан жағдайда қандай шара қарастырылған?

Жеңілдіктер алған санатына кіретін азаматтар үшін МӘМС төлем жарналарын мемлекет өтейді. Дегенмен мұндай жағдайда да ақаулар орын алуы мүмкін, мысалы, жүйе мәртебені тағайындауды ұмытып кетуі ықтимал.

Негізі жеңілдіктер нақты жекелеген санаттағы қоғам мүшелеріне олар тиісті тізілімдер мен дерекқорларға енгізілгеннен кейін ғана берілетінін түсіну керек. Мысалы, студенттер Ұлттық білім берудің деректер базасына, ал аяғы ауыр әйелдер Жүкті және ұрық жасындағы әйелдер тізіліміне қосылуға тиіс.

Егер бұл деректер базасында азамат туралы ақпарат болмаса, онда медициналық сақтандыру қоры ем алушылар туралы мәліметтерді ала алмайды және сәйкесінше "сақтандырылған" деген мәртебені бермейді.

Мұндай жағдайда студенттер оқу орнының деканатына хабарласуы қажет, ал әйелдер Жүкті және ұрық жасындағы әйелдер деректер базасына тіркелуі керек.

Жалпы кез келген уақытта қазақстандықтар дәрігердің қабылдауында түрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Кейде науқас пен дәрігер арасында қарапайым түсініспеушілік туындауы да ықтимал, ал кейде медициналық ұйымдар расымен де қателіктер мен заңбұзушылықтарға жол беріп жатады.

Қалай болғанда да кез келген азамат 1414 телефоны нөмірі арқылы медициналық сақтандыру қорынан кеңес ала алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2028955-medqyzmetker-aqsa-talap-etse-ne-medicinalyq-qyzmet-korsetuden-bas-tartsa-ne-isteu-kerek/

pixel