Қазақстанда баспана алуға кім кезекке тұра алады
Жарияланған күні:
Читать на русскомБүгінде қазақстандықтардың басым бөлігіне үй сатып алу қолжетімсіз болуы мүмкін. Бұл жағдайда кей азаматтар мемлекеттен пәтер алуға құқылы. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Тұрғын үй алу кезегіне жеке пәтерге мұқтаж адамдар ғана тұра алады. Алдымен өтініш беруші мемлекеттік тіркеуден өтуі керек.
EGov.kz сайтының хабарлауынша, бұл мүмкіндік түрлі санаттағы азаматтарға қолжетімді. Ол үшін ХҚКО филиалдарында немесе онлайн сервис арқылы өтініш беруге болады.
Қазақстанда тұрғын үй алу кезегіне тұру үшін тиісті елдімекенде (тұрғылықты жерінің ұзақтығына қарамастан) тұрақты түрде тұруы қажет. Бірақ өтініш беруші белгілі бір талаптарға сай болуға тиіс.
Қандай азаматтар кезекке тұра алады?
Коммуналдық немесе жеке тұрғын үй қорынан пәтер алу мүмкіндігі мынадай санаттағы азаматтарға беріледі:
- мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер және мемлекеттік сайланбалы лауазымдарды атқаратын адамдар;
- жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар;
- жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- отбасының әрбір мүшесінде соңғы он екі айдағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 3,1 төмен немесе 2023 жылғы көрсеткіш бойынша бір адамның табысы 125,8 мың теңгеден келетін халықтың әлеуметтік осал топтары (бұл коэффициент жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға қолданылмайды);
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көп балалы аналар, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталған көп балалы аналар. Жан басына шаққандағы орташа табысы 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (125,8 мың теңге) аспауы керек.
Бұл ретте ең бастысы – баспанаға мұқтаж азамат деген мәртебеге ие болуы керек. Оны алу үшін азамат келесі шарттардың біріне сәйкес болуға тиіс:
- Қазақстан аумағында және тіркелген елдімекенде тұрғын үй беру кезінде азаматтың меншігінде тұрғын үй болмауы керек;
- сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы тұрғын үйі болмауы қажет;
- тұрғын үй алуға үміткер мен оның отбасы тұрып жатқан тұрғын үй белгіленген санитариялық-техникалық талаптарға сәйкес келмейтін болса;
- екі немесе одан да көп отбасы көршілес, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда тұруы керек;
- тұрғын үй алуға үміткер отбасында кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын науқастар бар болса және олармен бір бөлмеде (пәтерде) тұру адам төзгісіз болса.
Қандай пәтер берілуі мүмкін?
Мемлекет тұрғын үй ауданын "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 75-бабының 1-тармағына сәйкес есептеп береді.
Осылайша бір адамға 15 шаршы метрден кем емес және 18 шаршы метрден көп емес пайдалы аудан мөлшеріндегі тұрғын үй беріледі, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден артық берілмеуі мүмкін.
"Егер отбасында жоғарыда аталған аурумен ауыратындар болса, оған жеке бөлме беріледі. Сондай-ақ отбасында жүктілігі 22 аптадан асқан аяғы ауыр әйел болса, алынған пәтердің ауданы үлкен болуы мүмкін", – деп атап өтті дереккөз.
Бұл ретте берілетін тұрғын үй ыңғайлы, қала ішінде орналасқан және мүгедектердің қажеттілігі ескерілген болуы керек. Бұл заңның 76 бабында көрсетілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2032857-qazaqstanda-baspana-aluga-kim-kezekke-tura-alady/