Қазақстанда білім беру қанша пайызға қымбаттады
Жарияланған күні:
Балалары бар қазақстандықтар үшін жаңа оқу жылы бұрынғыдан әлдеқайда қымбат болмақ. Білім саласындағы баға қаншаға өскені туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Шілде айының қорытындысы бойынша Қазақстанда тауарлар мен қызметтер бағасының жылдық өсімі 14 пайызды құрады. Алайда кейбір тауарлар әлдеқайда қымбаттай түсті. Мысалы, біз бұған дейін кеңсе тауарларының бағасы бір жылда бірден 64,4 пайызға өскенін айтқан болатынбыз.
Бұл балаларын жаңа оқу жылына дайындап жатқан қазақстандықтар үшін қосымша шығынға алып келетіні сөзсіз. Десе де бәрі кеңсе тауарларының қымбаттауымен шектелмеді. Ата-аналар Қазақстандағы білім беру қызметтерінің бағасы айтарлықтай өскеніне дайын болуы керек.
Сонымен Energyprom сарапшыларының мәліметтері бойынша, шілде айының қорытындысына зер салсақ, білім беру жылына орта есеппен 13%-ға қымбаттаған. Бағаның ең жоғары өсімі (26,3%-ға) Түркістан облысында байқалды. Алматыда баға 11,6%-ға, Шымкентте 11,2%-ға, Астанада 6,1 %-ға өсті.
Кәсіптік орта білім құны бір жылда бірден 18,7%-ға өскен. Сондай-ақ ересектерге арналған білім берудің орташа бағасы – 16%-ға өссе, ал жоғары оқу орындарының қызметтері-14,4%-ға айтарлықтай қымбаттады. Орта және мектепке дейінгі білім беру құны, сәйкесінше жылына орта есеппен 8,3% және 10,4%-ға өсті.
Баға өскен сайын отбасылардың білімге жұмсайтын қаржысы да артады. Дегенмен бұл жылдан-жылға орын алуда. Мысалы, 2021 жылы республика бойынша орта есеппен үй шаруашылығының бір мүшесіне білім беруге шамамен 40 438 теңге жұмсалған.
Бұл сомаға тікелей оқу ақысын төлеу, оқулықтар, мектеп формасын сатып алу, тамақтану және жол жүру шығындары, сондай-ақ оқуға кеткен басқа да шығындар кіреді. Айта кету керек, бұл Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш – тіпті мектеп оқушылары мен студенттері жоқ отбасылар да есепке алынған. 2022 жылы қазақстандықтардың білім беруге жұмсайтын орташа шығыны бірден 50,5%-ға өсіп, әр үй шаруашылығына 60 867 теңгені құрады.
Кеңсе тауарлары мен білім беру қызметтері әлі де қымбаттай түсуі мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2034447-qazaqstanda-bilim-beru-qansa-paiyzga-qymbattady/