Тоқаев Қазақстанға үш шетелдік банкті тартуды ұсынды
Жарияланған күні:
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында банктік сектор туралы мәселені көтерді. Ол аталған саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тарту керектігін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Тоқаев банктерді корпоративті несие беру ісіне белсене қатысуға, яғни кәсіпкерлерді қолдауға ынталандыру керектігін атап өтті. Оның пікірінше, банк қызметінің басқа түрлеріне қарағанда бизнеске несие беру ісі банктер үшін анағұрлым тиімді болуы керек.
Ол үкіметке және қаржы саласын реттейтін мекемелерге бір жылдың ішінде осы маңызды мәселеге қатысты өздерінің кесімді байламын айтуды тапсырды.
"Банктердің "қозғалыссыз жатқан" 2,3 триллион теңгелік активтерін экономикалық айналымға қосу үшін нақты шаралар қабылдау қажет.
Бұл ретте осы активтерді иеленуге ниет танытқан бизнес өкілдерінің оны алып, экономикаға қайтаруына мүмкіндік беретін ашық цифрлы платформа құруды тапсырамын", – деді президент Қазақстан халқына жолдауында.
Сондай-ақ Тоқаевтың пайымдауынша, "ұзақ мерзімге арналған қаражат" нақты секторға барынша қолжетімді болу үшін бірлескен және синдикатталған несие беру тәсілін кеңінен қолдану керек. Бұл ретте өнеркәсіп өкілдері мен кәсіпкерлер несиенің бәрін жұтып қоймауы қажет.
Тоқаев осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартуды ұсынды.
"Коммерциялық банктердің қызығушылығын арттыру үшін олар стратегиялық жобаларды қаржыландырған кезде даму институттарының кепілдігін беру мүмкіндігін қарастыру қажет.
Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн", – деп түйіндеді мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, бүгін, жұма күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2034891-toqaev-qazaqstanga-us-seteldik-bankti-tartudy-usyndy/