Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде жеңілдетілген бағдарлама көмегінсіз ипотека алатындар саны артып жатыр

Опубликовано:

Құжаттардың үстінде тұрған ойыншық үй
Құжаттар мен үй. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда тұрғын үй алу бойынша жеңілдіктер қарастырылған бағдарламалардың шарттары бұрынғыдай тиімді емес. Сол себепті көптеген тұрғын нарықтық жағдайға сай ипотека алуға көшкен. Бүгінде әрбір төртінші несие коммерциялық несие түрінде рәсімделуде, деп хабарлайды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы ресми сайтында.

Қазақстандағы ипотека нарығы бюджетке өте тәуелді. Еске салсақ, бұған дейін сарапшылар он тұрғын үй несиесінің біреуі ғана коммерциялық шарттармен беріліп келгенін мәлімдеген болатын.

Дегенмен жағдай ақырындап өзгеруде. Елімізде "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасын қаржыландыру көзінің азаюына және басқа да жеңілдетілген бағдарламалар бойынша мөлшерлемелердің көтерілуіне байланысты мемлекеттік ипотекаға деген сұраныс күрт төмендегенін байқауға болады.

Сарапшылардың мәліметінше, 2023 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында жеңілдетілген бағдарламалар бойынша жаңа ипотекалық несие беру үшін 850 млрд теңге бөлінген. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда бірден 19,3 пайызға немесе 205 млрд теңгеге (1,1 трлн теңге) аз.

Сондай-ақ 2023 жылдың екінші тоқсанында жаңа несиелер беру кезінде "7-20-25" жеңілдетілген ипотеканың үлесі 9,4 пайыздан 5,7 пайызға төмендеген, алайда 2022 жылы бұл көрсеткіш 21,5 пайызды құраған.

Осылайша елде нарықтық жағдайда алынған ипотека бойынша несиелер 25 пайызға дейін ұлғайғанын байқауға болады. Былтырғы жылы мұндай ипотекамен берілген несиелердің үлесі небәрі 9 пайыз болған.

Одан бөлек сарапшылар ипотекалық портфельдің құрылымындағы өзгерістер туралы да атап өтті. Егер бұрын бүкіл нарық тек төрт банктің арасында бөлінген болса, қазір бесінші банк қосылған. Алайда нарықтың ең үлкен үлесі әлі күнге дейін "Отбасы банкіне" тиесілі – оның үлесі 59 пайызды құрайды. Қалғаны Halyk Bank, Bereke Bank, "Банк ЦентрКредит" және "Фридом Банк Қазақстан" арасында бөлінген.

Қазақстандықтар ипотекаға қанша қаражат алады

Жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның көтерілуіне байланысты кез келген қазақстандықтың ипотекалық несиесіз баспана сатып алуға қаражаты жетпейді.

Еске салсақ, бұған дейін биылғы бастапқы тұрғын үй бағасы былтырғысымен салыстырғанда шамамен 4,4 пайызға қымбат екені белгілі болған еді.

Бұл қазақстандықтардың тұрғын үй сатып алу үшін алатын несиесінің орташа сомасына да әсер етеді. Сарапшылардың мәліметінше, қарыз алушылардың шамамен 47,7 пайызы 10 миллионнан 20 млн теңгеге дейін ипотекалық несие алады.

Қазақстандықтардың тағы 28,2 пайызы 20 миллион теңгеге немесе одан да көп сомада несие алады. Шамамен 19,7 пайызы 5-тен 10 миллион теңгеге дейінгі сомаға тұрғын үй несиесін алса, тек 0,9 пайызы 3 миллион теңге шамасында несие алады.

Оған қоса статистикаға сәйкес, ипотекалық несие бойынша төлем мөлшері әлі күнге дейін әл-ауқаты орташа деңгейдегі қазақстандықтың орташа жалақысының жартысынан кемін (38 пайыз) құрайды. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл екінші тоқсанда еліміздегі номиналды жалақының мөлшері 365 мың теңгеден асқанына байланысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2037980-elimizde-zenildetilgen-bagdarlama-komeginsiz-ipoteka-alatyndar-sany-artyp-zatyr/

pixel