Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда жалақыны мүлде қолданбай банк есебінен табыс табудың жолы қандай

Опубликовано:

Теңге
Теңге. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Несие карталары тек төлемдерді кейінге қалдыруға емес, сонымен қатар пайда табуға мүмкіндік береді. Оларды қалай қолдану керектігін және қандай қауіп барын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Әдетте қазақстандықтар тапқан ақшасын (жалақысын не кәсібінен түскен кірісін) жиі шоттарды төлеуге, тауарлар сатып алуға және қызметтер алуға жұмсайды.

Мәселен, Қазақстан азаматы республика бойынша 365 502 теңгені құрайтын орташа жалақыны "толық" алады делік. Бұл ретте қазақстандық ай сайын 350 мың теңге жұмсауға мәжбүр.

Яғни азамат бұл ақшаны депозитте сақтағанның өзінде, айдың соңында берілетін сыйақы мөлшері тек депозитте сол уақытта қалған сома – 15 502 теңгені ғана есепке алып тағайындалады. Осылайша 15 пайыздық жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) бойынша депозиттен түсетін табыс мөлшері айына небәрі 187 теңгені құрайды.

Дегенмен табыс көлемін артық төлем жасамай арттыруға мүмкіндік қарастырылған. Бірақ оның өз тәуекелдері бар.

Қалай артық шығынның алдын алуға болады

Екінші деңгейлі банктер әр түрлі қаржы құралдарын, соның ішінде бөліп төлеу және несие карталарын ұсынады.

Дәлірек айтсақ, қазақстандықтардың картасына жұмсауға болатын қолма-қол ақша лимиті бөлінеді. Кейін бұл ақша шотты толтыру үшін қайтарылуы керек.

Содан соң белгіленген лимит келесі пайдалану үшін қайтадан қолжетімді болады. Мұндай құралдар аса пайдалы болуы мүмкін.

Мысал ретінде қазақстандықтың несие картасы немесе бөліп төлеуге арналған картасы бар делік. Ол өзінің барлық жалақысын (365 502 теңге) депозитке аударып, картасы арқылы қажетті сатып алуларды жасай алады.

Бұл жағдайда бір ай бойы сол карталардың бірінде жатқан қазақстандықтың жалақысының үстіне депозит бойынша сыйақы түсетін болады – сыйақы мөлшері ЖТСМ бойынша 15 пайызды немесе 4568 теңгені құрауы ықтимал.

Кейін депозит бойынша төлемді алғаннан кейін, ол несие картасынан жұмсалған барлық соманы артық төлемсіз (арнайы жеңілдік кезеңі болған жағдайда) өтей алады. Ал тағы жалақы түссе, бұл үдерісті қайталауға мүмкіндік бар. Нәтижесінде депозиттегі сома үнемі өсіп отыратын болады.

Дегенмен бұл әдіс белгілі бір шарттарды талап етеді және оның нақты тәуекелдері бар.

Мұндай әдістің кемшіліктері қандай

Алдымен қазақстандықтар несие картасын пайдалануды бастау үшін өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін: ай сайын қанша табыс таба алатынын және нақты қанша ақша жұмсайтынын бағалай білуі керек.

Қарызға батып кетпеу үшін несиелік картадағы немесе бөліп төлеу картасындағы қолжетімді сома кіріс деңгейінен аспағаны абзал.

Сондай-ақ бұл әдістің тиімділігі аталған карталардың берілу шартына байланысты:

  • жеңілдік мерзімі – пайдаланған ақшаны пайызсыз немесе артық төлемсіз қайтаруға болатын уақыт. Оның мерзімі банкке байланысты бір айдан екі айға дейін болуы мүмкін;
  • қолма-қол ақшаны алу үшін комиссиялар – кей банктер картадан ақшаны шешіп алу үшін комиссия талап етуі мүмкін, ал басқа банктерде мұндай комиссия болмауы ықтимал;
  • қызмет көрсету құны – картаның жылдық пайдалану бағасы қанша болатынына назар аудару маңызды (кей банктерде кейде тегін қызмет көрсетіледі);
  • төлем жасауға қатысты берілетін мүмкіндіктер – банктің серіктес желілері қандай екеніне назар аудару керек, өйткені таңдаған банкіңізбен жұмыс істемейтін желінің картасы арқылы (несие немесе бөліп төлеу картасы) төлем жасау үшін комиссия алынуы мүмкін.

Осылайша банк мұндай қызмет түрін ұсынған жағдайда жеңілдік кезеңі ұзақ болса, ақшаны қолма-қол алу мүмкіндігі қарастырылса, серіктес желі болып табылмайтын компанияның картасы арқылы төлем жасағаны үшін комиссия алынбаса, сондай-ақ қызмет құны арзан не тегін болса, онда мұндай әдіс қазақстандықтар үшін тиімді болуы әбден мүмкін.

Яғни олар банктің ақшасын жұмсап, өз қаражатын арттырады.

Бірақ несие мен бөліп төлеу карталарынан жұмсалған қаражатты міндетті түрде қайтару қажет. Ал жеңілдік мерзімі өтіп кеткен жағдайда пайдаланылған соманы үстіне сыйақы қосып қайтаруға тура келеді.

Мәселен, аталған карталардағы шығын мөлшері ай сайынғы табысыңыздан көбірек болса, жұмыстан босатылған не өз еркіңізбен кеткен жағдайда, я болмаса жалақы кешіктірілген кезде қарызға батып кетуіңіз мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2038166-qazaqstanda-zalaqyny-mulde-qoldanbai-bank-esebinen-tabys-tabudyn-zoly-qandai/

pixel