Қазақстанда тәжірибесі бар және тәжірибесі жоқ жұмысшыларға қандай жалақы төленеді
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚазақстанда еңбек өтілі жоқ адамдарға орташа есеппен небәрі 195 мың теңге төленеді. Жұмыс берушілер жұмыс тәжірибесі жоқ қазақстандықтарға жоғары жалақы төлеуден бас тартады. Ал тәжірибелі қызметкерлерге қанша жалақы беріледі? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кей қазақстандықтар жоғары жалақы төленетін жұмыс таба алмайды. Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды қоспағанда, елдегі ресми жұмыспен қамтылған азаматтардың ішінде жартысының табыс мөлшері 240 779 теңгеден төмен.
Әдетте жұмыс берушілер еңбек өтілі бар қызметкерлерге қарағанда тәжірибесіз қазақстандықтарға әлдеқайда аз жалақы төлейді.
HeadHunter онлайн жұмыс іздеу платформасы сарапшыларының ақпаратынша, платформада жарияланған бос жұмыс орындардың ішінде еңбек өтілі жоқ адамдарға орташа есеппен небәрі 195 мың теңге ұсынылып жатады.
Бұл 2023 жылдың екінші тоқсанындағы орташа номиналды жалақыдан (365 502 теңге) екі есеге аз. Алайда бұл сома былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда 11 пайызға артық. Сайтта барлығы 46 мың бос жұмыс орны жарияланған, бірақ оның тек 25 пайызы еңбек өтілі жоқ азаматтарға жарамды.
Сарапшылардың дерегінше, жұмыс берушілердің шамамен 50 пайызы қызметкерден 1 жылдан 3 жылға дейінгі жұмыс тәжірибесінің болуын талап етеді. Оларға жалпы орташа есеппен 248 мың теңге жалақы ұсынылады, бұл былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда 4 пайызға жоғары.
Бос жұмыс орындардың тағы 5 пайызы 6 жылдан астам жұмыс өтілі бар қызметкерлерді іздейді екен. Ондай мамандарға орташа есеппен шамамен 477 мың теңге жалақы ұсынылады, бұл алдыңғы жылдың көрсеткіштерінен 7 пайызға артық.
Ал қалған жұмыс берушілер, яғни 20 пайызы 3 жылдан 6 жылға дейінгі жұмыс өтілінің болуын талап етеді. Ондай жұмыс орындарындағы жалақы мөлшері жоғары және төмен жалақының арасында құбылып, бекітілетін көрінеді.
Осылайша Қазақстанда көптеген компания жұмыс тәжірибесі жоқ маманды жұмысқа алуға дайын екенін байқауға болады, бірақ оларға ұсынылатын жалақы мөлшері тәжірибесі бар мамандарға қарағанда орта есеппен 282 мың теңгеге төмен.
Жұмыс тәжірибесі жоқ маманды жұмысқа алуға дайын компаниялардың басым бөлігі бөлшек сауда саласында байқалып отыр, ал тәжірибесі мол мамандарды жиі құрылыс және жылжымайтын мүлік саласындағы жұмыс берушілер іздейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2038324-qazaqstanda-taziribesi-bar-zane-taziribesi-zoq-zumyssylarga-qandai-zalaqy-tolenedi/