Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде сапасыз тауардың ақшасын қайтарудан бас тартқандарға айыппұл мөлшері артуы мүмкін

Опубликовано:

Пакеттерді ұстап келе жатқан әйел
Пакеттерді ұстап келе жатқан әйел. Көрнекі фото: pixabay.com

Кейде қазақстандықтарға сапасыз тауардың ақшасын қайтару қиын болуы мүмкін. Ал кей кәсіпкерлер айыппұл аз болғандықтан тұтынушылардың бұл талабын орындаудан бас тартып жатады. Алайда алдағы уақытта кәсіпкерлерге салынатын айыппұл көлемі айтарлықтай өсуі ықтимал. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қазақстандықтар сапасыз тауарды сатушыға қайтаруды немесе оны басқа тауарға ауыстыруды талап ете алады.

Алайда кәсіпкерлер кейде клиенттерінің бұл талабын орындаудан бас тартып, айыппұл салынуы мүмкін екенін де қаперіне ілмейді. Әдетте тауардың құны төмен әрі ондаған мың теңгеден аспайтын жағдайда тұтынушының шағымы қараусыз қалуы мүмкін.

Бұл ретте сотқа шағымданғысы келген Қазақстан азаматы алдымен кәсіпкерге тікелей шағым түсіретін, артынша медиаторға немесе арбитрге хабарласатын, одан әрі мемлекеттік органға жүгінетін. Содан соң ғана сотқа шағымдана алатын.

Ал тауардың құны төмен болған жағдайда іс қаралғанның өзінде ол шағымданушыға еш пайда әкелмеуі мүмкін.

Бірақ енді қымбат емес, сапасыз тауарлар үшін де кәсіпкерлерге салынатын айыппұл мөлшерін жоғарылату көзделуде.

Қазақстан Республикасы мәжілісі ресми сайтының мәліметінше, Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заң жобасы аясындағы өзгерістерді таныстырып шықты.

Тауардың ақшасын қайтарудан не оны ауыстырудан бас тартқан кәсіпкер қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін

Заң жобасына енгізілетін өзгерістерге сәйкес, шағым беру реттілігі жойылады – бұдан былай қазақстандықтар тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік органға тікелей хабарласа алады, я болмаса дереу сотқа жүгінуге құқылы.

Сондай-ақ кәсіпкер сатып алушымен сотқа дейін ымыраға келуден бас тартқан жағдайда оған сот арқылы айыппұл салу түріндегі азаматтық-құқықтық жауапкершілікті енгізу жоспарланып отыр.

Бұл жағдайда кәсіпкерге салынатын айыппұл мөлшері тұтынушының түсірген шағымында көрсетілген сомадан 10 пайыздан 50 пайызға дейін қаражатты құрайды. Бұл ретте арызданушының шағымында көрсетілген сомасы неғұрлым аз болса, кәсіпкерге салынатын айыппұл мөлшері соғұрлым көп болады.

Заңға өзгеріс енгізу бойынша жобада жазылғандай, бұл шара тұтынушылардың құқықтарын қорғай отырып, кәсіпкерлерді туындаған дауды сотқа дейінгі сатыда шешуге ынталандыруға бағытталған.

Интернет-дүкендердің жауапкершілігі

"Онлайн саудаға қатысты да бөлек норма қарастырылған.

Айта кетейік, вице-министрдің сөзінше, биылғы жылы 6 айдың ішінде тұтынушылардың электронды сауда сегментіне келіп түскен шағымдары 2022 жылдың көрсеткіштерімен (937 дана) салыстырғанда 411 пайызға (4 795 дана) өскен.

Осы жағдайды ескере отырып, заң жобасында сауда кезінде тұтынушылардың құқығы мен заңды мүддесіне нұқсан келтіретін шарттарға тыйым салу қарастырылған, сондай-ақ тауарларды өткізу үшін пайдаланылатын интернет-ресурстарды "сауда объектілеріне" теңестіру ұсынылады", – делінген мәжілістің ресми сайтында.

Яғни заң жобасына сәйкес, бұдан былай интернет-дүкендер сатып алушыға тауар, оның шыққан жері, қайда өндірілгені, тұтынушылық қасиеттері, кепілдік міндеттемелері және шағымдарды беру тәртібі туралы қажетті ақпаратты беруге тиіс.

Заң бұзушылық болған жағдайда кәсіпкерлерге Әкімшілік кодекстің 193-бабы 1-бөлігі бойынша – 2 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін (2023 жылы бұл 6 900 – 103 500 теңге) айыппұл салынады.

Сондай-ақ тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша жоба аясында аталған заңда қарастырылған жауапкершілікті тұрғын үй-коммуналдық тұтыну, байланыс, туризм, мәдениет, сауда, көлік салаларына да кеңейту ұсынылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2039043-elimizde-sapasyz-tauardyn-aqsasyn-qaitarudan-bas-tartqandarga-aiyppul-molseri-artuy-mumkin/

pixel