Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда ақылы жолдарда жүру құны артты

Опубликовано:

Көлік
Көлік жүргізіп келе жатқан адам. Көрнекі фото: piqsels.com

Бүгінде Қазақстанда ақылы көлік жолы учаскелерінде жүрудің бағасы өсті. Сонымен қатар енді оның мөлшерлемесі АЕК бойынша есептеледі. Яғни баға мөлшері жыл сайын өсетін болады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

"ҚазАвтоЖол" Ұлттық компаниясы ресми сайтының мәліметінше, Қазақстанда 11 ақылы көлік жолы учаскесі бар, жүргізушілер бұл жолдармен жүру үшін ақы төлейді.

Компанияның ақпаратынша, "Астана-Щучинск" ақылы жол учаскесі алғаш рет 2013 жылы пайда болған. Ал "Астана – Теміртау", "Алматы – Қонаев" және "Алматы – Қорғас" бағыттары бойынша жол учаскелері шамамен 5 жыл бұрын ақылы түрде жұмыс істей бастаған.

Бүгінде қазақстандықтардың "Қонаев – Талдықорған", "Астана – Павлодар", "Тараз – Қайнар", "Шымкент – Қызылорда", "Шымкент – Тараз", "Шымкент – Өзбекстан шекарасы" және "Щучинск – Көкшетау" сияқты жеті жол учаскесінен өту үшін ақы төлеп жүргеніне екі жылдың жүзі болды.

"Астана-Щучинск", "Астана – Теміртау", "Алматы – Қонаев" және "Алматы – Қорғас" ақылы жол учаскесінің басында шлагбаумдар орнатылған және жолдан өту ақысын қолма-қол ақшамен төлеуге болады. Бірақ бұл ретте бұрын көлік иелері екі есе көп ақы төлеуге мәжбүр болған еді.

Алайда қазіргі таңда ақылы жолдардың тарифтері бірыңғайланып, ол айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты есептелетін болады. Көлік министрінің тиісті бұйрығы бүгіннен, яғни 3 қазаннан бастап күшіне енді.

Жол учаскелерін пайдалану бағасы қаншаға артты

Мысалы, бұған дейін жеңіл автокөліктер үшін "Алматы – Қонаев" тас жолынан өту бойынша алдын ала төлем мөлшері 100 теңгені құраған, қолма-қол ақшамен төлеген кездегі немесе жолдан өткеннен кейінгі төлем мөлшері 200 теңге болған. Ал бүгінде бірыңғай тариф мөлшері 0,0348 АЕК-ті, яғни 120,06 теңгені құрайды.

Сондай-ақ бұған дейін шлагбаум орнатылмаған, бақылау аркаларында камералары бар "Астана – Павлодар" ақылы жол учаскесін пайдалану құны төлем әдісіне қарамастан 380 теңгені құрайтын. Ал енді жеңіл автокөліктер үшін бұл қызметтің тарифі 0,1322 АЕК немесе 2023 жылғы көрсеткішке сәйкес, 456,09 теңге тұрады.

Оған қоса өзге де ақылы жол учаскелерін пайдалану тарифтері өскен. Бұл ретте 2024 жылдың қаңтарында АЕК ұлғайған сайын жол учаскесінен өту құны да арта түседі.

Қай кезде ақылы жол учаскесін пайдаланғаны үшін аз не көп төлем төлеу керек

Айта кетейік, бұл ретте әрбір ақылы жол учаскесі жеке аймақтардан құралған. Егер азамат бір аймақ арқылы өтетін болса, онда тек сол жүріп өткен аймақ үшін төлеуге тиіс.

Мәселен, "Шымкент – Қызылорда" ең ұзын көлік жолында 10 аймақ бар, бұл жолды пайдалану үшін жеңіл көлік жүргізушілері әр жүріп өткен аймақ үшін 0,007 АЕК (24,15 теңге) – 0,0348 АЕК (120,06 теңге) көлемінде ақы төлеуі қажет.

Бұл көлік жолының жалпы бағасы – 0,1530 АЕК, яғни 527,85 теңгені құрайды. Яғни көлік жүргізушісі Шымкенттен Қызылордаға дейінгі бүкіл учаскеден жүріп өту құнын төлеуге тиіс.

Бұл ретте жүк көліктері мен автобустар жолдың ақылы учаскелерінде жүру үшін бірнеше есе көп төлем жасайды. Сәйкесінше, бұл көлік түрлерінің де төлем мөлшерлемесі АЕК есебі бойынша артқан.

Ал ақылы учаскеге іргелес елдімекендерде тіркелген автокөліктер үшін абоненттік төлем қарастырылған. Жеңіл автокөліктер үшін оның құны биылғы жылдың көрсеткіштеріне сәйкес, 1 АЕК немесе 3450 теңгені құрады.

Сондай-ақ ақылы жол учаскелерін пайдалану ақысын жеті күн ішінде төлемеген жағдайда жеке тұлғаларға биылғы жылы 5 АЕК немесе 17 250 теңге көлемінде айыппұл салынатынын еске салайық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2039248-qazaqstanda-aqyly-zoldarda-zurudin-quny-artty/

pixel