Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда облысында жаңа ипотекалық несие беру бағдарламасы іске қосылды

Жарияланған күні:

Үй және кілттер
Көрнекі фото: pixabay.com

Қызылорда облысында өңір жастары үшін құны 1 млрд 700 миллион теңгені құрайтын "Сыр жастары" жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы жасалған болатын. Қазіргі таңда бағдарлама аясында үй алуға өтініш беру науқаны басталды. Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қызылорда облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров баяндады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: "Тұрғын үй азаматтарымыз үшін – қашанда басты мәселе" және "Еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Бірақ, солай екен деп еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі",- деп үнемі халықтың, соның ішінде жастардың әл-ауқатын көтеруде тұрғын үй мәселесінің маңызды екенін айтып жүр. Осы орайда, Қызылорда облысында да тұрғын үй қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жасалуда.

Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров бағдарлама аясында үй алуға өтініш берудің алғы шарттары жайлы баяндады.

Ол өз сөзінде, "Бағдарламасының жалпы құны 1 млрд 700 миллион теңге, оның 1 млрд 200 млн теңгесі облыстық бюджеттен бюджеттік несие ретінде бөлінсе, 500 млн теңге "Отбасы банкі" арқылы қарастырылып отыр. Бағдарламаға қатысушылар бүгіннен бастап "Сыр жастары" бағдарламасына өтініш пен құжаттарды ұсынуды электронды түрде "Азаматтарға арналған Үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" КЕ АҚ-нан алынған электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы kezekte.kz сайтында тіркеліп, "Жұмыс істейтін жастарға арналған "SyrJastary" жеңілдетілген ипотекалық несие беру" сервисінде жүзеге асыра алады", - деді.

Қызылордалық жастар бағдарлама аясында құны 13-18 млн теңгені құрайтын тұрғын үйді 5 пайыздық мөлшерлемемен 19 жылға несиеге ала алады. Ол үшін бастапқы жарнаның 10 пайызын құрайтын салым салу керек. Бағдарлама аясында 100 жасты үймен қамту көзделген. Өтінім берушілер 35 жастан аспау керек. Сонымен қатар, 2 жыл көлемінде Қызылорда облысының тұрғыны болуы шарт. Қатысушының ресми жұмыс өтілі төменде көрсетілген санаттар бойынша кемінде 6 айды құрауы тиіс. Олар - Денсаулық сақтау, білім беру, бюджеттік сала, мәдениет, спорт, ЖОО және ҒЗИ, журналистер, әлеуметтік сала, Ұлттық холдингтер мен компаниялардың жергілікті филиалдары, екінші деңгейлі банктер, құрылыс, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласы.

"Сыр жастары" бағдарламасына қатысу үшін аталған қажетті құжаттар болуы керек. Олар - белгіленген нысан бойынша жастарға жеңілдікпен несие беруге арналған электрондық өтініш, білімі туралы құжаттың сканерленген түрі, жұмыс өтілі көрсетілген белгіленген үлгідегі фирмалық бланкідегі жұмыс орнынан анықтаманың сканерленген түрі, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын сканерленген құжаттар, Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасынан сканерленген растайтын анықтамалар. "Сыр жастары" бағдарламасына қатысу үшін үміткерлерді іріктеу кезектілікке сәйкес санаттар бойынша тізімге енгізу жинаған балдар санымен айқындалады. Мәселен, тіркелген некенің әр жылы үшін 1 балл, тұңғыш баласы үшін 1 балл, әр жылдардағы жұмыс өтіліне 1,5 балл, тұрғылықты тіркеуде болғаны үшін әр жылға 1 балл, "Отбасы банкі" АҚ бастапқы 5% жарнасы бойынша 2 балл иеленуге болады. Санат бойынша ең көп балл жинаған қатысушыға жолдама уәкілетті органмен қатысушыға электронды түрде жіберіледі.

"Бағдарламаға ұсыным беру 15 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады, бүгін басталған науқан 26 қазан күні аяқталады. Одан кейін, жиналған балл саны бойынша әр санат бойынша ең көп балл жинаған қатысушылар іріктеледі, оларға электронды жолдама беріледі. Жолдаманы алған жастар ары қарай "Отбасы банкінде" төлем қабілетілігін растайды, содан кейін келісім-шарт рәсімделіп, үй табысталатын болады. Бағдарлама аясында табысталатын үйлер қаламыздың Сол жағалауында орналасқан, жалпы көлемі 66 шаршы метрден кем емес 3 бөлмелі пәтерлер болады деп күтілуде", - деді Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Раушанбекұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2041539-qyzylorda-oblysynda-zana-ipotekalyq-nesie-beru-bagdarlamasy-iske-qosyldy/