Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депутат Бейсенғалиев: Проблемалық борышкерлердің көбі - МҚҰ-да қарызы барлар

Опубликовано:

Шағын несие
Көрнекі фото: depositphotos.com

Мәжілісте өткен парламент тыңдалымы кезінде депутат Берік Бейсенғалиев Қазақстандағы микроқаржылық ұйымдардың бақыланбауы реттеуші жіберген қателік екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Депутат Бейсенғалиевтің айтуынша, биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі деректер бойынша қазақстандықтардың 8,5 млн-ға жуығына тиесілі несиелеу портфелі 18,1 трлн теңгеге тең. Олардың жартысы – кепілсіз тұтынушы несиелері.

«Портфель сапасына келер болсақ, төлем мерзімінен 90 және одан да көп күнге асып кеткен несиелердің 63 пайызы кепілсіз тұтынушылық несиелеу (1 трлн 225 млрд). Оның ішінде 1 млн 700 мың адам қаржылық тұрақтылығы жөнінен айтарлықтай қауіпті аймаққа еніп отыр.

Проблемалық борышкерлердің көбі - МҚҰ-да (микроқаржылық ұйымдар – ред.) қарызы барлар. Проблемалық борышкерлер саны 2019 жылдан бері 28 есе артқан және әлі де жылдам қарқынмен өсіп жатыр.

МҚҰ-ның проблемалық несиелерінің артуына келесі жайттар негізгі себеп болған: пайыздық ставканың жоғары болуы, ҚЖК (қарыз жүктемесінің коэффициенті – ред.) талаптарын сақтамау, тәуекелдерді бағалаудың әлсіздігі, либералды реттеу», - деп мәлімдеді депутат.

Спикер бүгінгі күні микроқаржылық ұйымдар қарыздар ставкаларын жылына 146%-дан 339+%-ға дейін бере беретінін, ал тиісінше банктер жылына 56%-дық ставкамен қана беретінін айтты.

«МҚҰ әлсіз реттелетіндіктен және саны көп болғандықтан бақыланбайды – бұл реттеушінің жіберген қателігі. Реттеушінің портфельдегі проблемалық қарыздар үлесін арттыру туралы талаптарын формалды түрде сақтау үшін МҚҰ олардың 38 пайызын коллекторлық компанияларға сатып жіберген. Олар есепте көрінбейді.

Проблемалық қарыздарды коллекторлық компанияларға жаппай сату есебінен 2022 жылдың 22 тамызынан бастап МҚҰ өз несие портфелін жасанды түрде 2 есе жақсартты.

Әлбетте, банктер мен әсіресе МҚҰ жоғары тәуекелін ставка мөлшерін жоғарылату есебінен компенсациялайды. Демек, бүгінгі күні жылдық тиімді ставка әдіснамасын өзектендіру қажеттілігі туындап отыр», - деп қосты Бейсенғалиев.

Депутаттың пікіріне сүйенсек, ставканы төмендету портфель сапасын жақсартуға мәжбүр етеді, себебі жоғары тәуекелді қосып төлеу мөлшерін арттырумен компенсациялау мүмкін емес болып барады.

Сондай-ақ ол реттеуші жоғары тәуекелдерді жасау, сапасы төмен несиелерді бақылаусыз беру және ҚЖК сақтау бойынша бақылау мен қадағалау шараларын күшейту қажет екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2041929-deputat-beisengaliev-problemalyq-boryskerler-sany-2019-zyldan-beri-28-ese-artqan/

pixel