Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұлттық қор – балаларға": шоттағы қаржы белгілі уақыт ішінде жұмсалмаса, не болады

Жарияланған күні:

Читать на русском
Ақша санап отырған қыз бала
Ақша санап отырған қыз бала. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қор кірісінің бір бөлігі қазақстандық балалардың шотына түсе бастайды. Егер 18 жасқа толған соң жинақталған сома 10 жыл ішінде мақсатына қарай пайдаланылмаса, қаржы БЖЗҚ-ға аударылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Үш айдан кейін "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында кәмелет жасына толмаған барлық қазақстандықтың шотына алғашқы төлемдер түсе бастайды.

Нысаналы жинақтарды есепке алу сондай-ақ төлеуді жүзеге асыру жөніндегі оператор болып айқындалған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) хабарлауынша, бала қаржы жинағын 18 жасқа толғанда ғана ала алады. Бұл ретте қаржыны екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе оқу ақысын төлеуге пайдалануға болады.

Ал баланың бағдарламаға қатысып не қатысып жатпағаны туралы ақпаратты заңды өкілдер egov.kz порталындағы өзінің жеке кабинетінен ала алады. Бұдан бөлек, бағдарлама бойынша үнемі жасалып отыратын есептер БЖЗҚ-ның enpf.kz ресми сайтында жарияланып тұрады.

Төлемдер қалай жүзеге асырылады

Жоба аясында балалардың шотына жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы түсіп отырады.

Бала 18 жасқа толған кезде оның жинағы БЖЗҚ-да ашылған нысаналы жинақтау шотына (НЖШ) аударылады. Кейін ондағы қаражатты "Қазпошта" АҚ және екінші деңгейдегі банктер ретіндегі уәкілетті операторлар арқылы тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсауға болады.

Қаражат НЖШ-ға аударылғаннан кейін инвестицияланбайды, яғни үстіне қосымша кіріс түспейді. Сондықтан жинақ иесі ақшаны пайдалану туралы өтініш жазып, мақсатты пайдаланылуын растайтын құжаттарды қоса беріп, шоттан шешіп алғаны абзал.

БЖЗҚ алушылардың уәкілетті операторда ашылған банктік шоттарына нысаналы жинақтарды төлеуді АҚШ долларымен жүзеге асыратын болады.

Ал жинақ иесі 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл ішінде төлемді алуға өтініш бермеген жағдайда, шоттағы сома ерікті зейнетақы жарналары ретінде есепке алынып, оның жеке зейнетақы шотына аударылады. Оларды алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2042809-balalarga-arnalgan-ulttyq-qor-qorda-zatqan-zinaq-belgili-uaqyt-isinde-zumsalmasa-ne-bolady/