Қазақстанда қанша отбасы коммуналдық төлемге өтемақы ала алды
Жарияланған күні:
Читать на русскомЕлімізде жыл басынан бері 38 мыңнан астам аз қамтылған отбасы коммуналдық төлемдерді өтеу үшін тұрғын үй көмегін ала алған. Өтемақы туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Қазақстанда әр квартал сайын аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегі беріледі. Оның ішінде жылу, су, электр қуаты, байланыс және т.б. бірқатар коммуналдық қызмет шығынының бір бөлігі өтеледі.
Бұл ретте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәліметіне сүйенсек, бұл өтемақы тек жеке меншігінде бір баспанасы бар, я болмаса мемлекеттен баспана жалдап тұратын отбасыларға беріледі.
Коммуналдық шығындардың деңгейі отбасының немесе азаматтың орташа айлық жиынтық табысының белгілі бір пайызына жеткен жағдайда тұрғын үй көмегі төленеді. Бұрын бұл көрсеткіш әр аймақта әр түрлі мөлшерде, яғни 2 пайыздан 20 пайызға дейін болған.
Дегенмен тұрғын үй көмегін алу ережелері өзгертілген, енді аталған әлеуметтік жәрдемақының ең жоғарғы шекті көрсеткіші 10 пайызды құрайды.
Мысалы, егер отбасының немесе азаматтың орташа айлық жиынтық табысы 100 мың теңгені, ал коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындар – 15 мың теңгені (табыстың 10 пайыздан астамын) құраса, онда тұрғын үй көмегін алушының жергілікті бюджет қаражаты есебінен айырманы өтеуге құқығы бар.
Сондай-ақ 2023 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша бүгінде 38 мыңнан астам адам коммуналдық қызмет төлемі бойынша өтемақы алған. Үкімет тұрғын үй көмегін алатын азаматтардың санын ұлғайту әрі аз қамтылған азаматтардың қаржылық жүктемесін азайту мақсатында тұрғын үй көмегі ережелеріне өзгертулер енгізгенін айтты.
Ведомство хабарлауынша, соңғы 4 жылда әкімдіктердің ұсынған көрсеткіші бойынша 174 мыңнан астам абонентке жалпы 5 млрд теңге сомаға дейін тұрғын үй көмегі көрсетілген.
Ал биыл 9 айдың ішінде 38,8 мың жанұяға 834,7 млн теңгеге көмек көрсетілген, ведомство тұрғындардың коммуналдық шығын мөлшері 1,6 млрд теңгені құрағанын атап өтті. Яғни тұрғындардың жергілікті бюджет есебінен өтелген коммуналдық шығын үлесі 51,6 пайызды құрады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2044303-qazaqstanda-qansa-otbasy-kommunaldyq-tolemge-otemaqy-ala-aldy/