Адам еңбек келісімшартына отырмай жұмысқа орналасса, қандай тәуекелдер туындауы мүмкін
Жарияланған күні:
Кейбір жұмыс орындары қазақстандықтармен ресми түрде еңбек келісімшартын жасаспауы ықтимал, ал жалақыны "конвертте", яғни қолма-қол алу тиімді деп сендіруі мүмкін. Алайда келісімшартсыз жұмыс істеудің тәуекелдері әлдеқайда жоғары. Қай жағдайда еңбек келісімшартынсыз жұмыс істеу қауіпті? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Кей қазақстандықтарға еңбек келісімшартын жасаспай жұмыс істеу тиімді шешім болып көрінеді, мәселен, кей жұмыс берушілер салықтар мен т.б. шегерімдерді өтеуге жұмсалатын қаражат қызметкердің өзіне тікелей төленеді деп сендіруі мүмкін.
Бірақ келісімшартсыз жұмыс істеудің тәуекелдері өте жоғары. Оның үстіне келісімшарт болмаған жағдайда қазақстандықтардың қаржылық жағдайы күрт нашарлауы әрі т.б. қиындықтар туындауы ықтимал.
Жалақы "конверт" арқылы берілсе, медициналық сақтандыруды алу мүмкіндігі шектеледі
Әдетте елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мен өзге де бірқатар әлеуметтік төлем түрін ұсыну үшін қазақстандықтардың ресми еңбекақысының бір бөлігі ұсталады.
МӘМС қоры ұстап қалатын ақша мөлшері барлық шегерімге дейін жалпы жалақының 2 пайызын құрайды.
Бұл ретте ресми еңбек келісімшартымен жұмыс істейтін қызметкер медициналық қызметке жүгінуге, ем-дом алуға, медициналық оңалтудан өтуге, кей жағдайда тіпті тегін дәрі-дәрмек алуға құқылы болады.
Заң жүзінде төленуге тиіс өтемақылар берілмейді
Ресми еңбек келісімшарты жасалған жағдайда қызметкер мынадай қызметтерді алуға құқылы:
- жыл сайын ұсынылатын ақылы еңбек демалысы. Бұл жағдайда қызметкер демалу не денсаулығын ретке келтіру мақсатында жұмыс орнына демалыс алу туралы өтініш жаза алады, ал жұмыс орны қызметкердің демалыс шығынын өтеуге міндеттеледі;
- еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша ақылы еңбек демалысы.
Ал ресми түрде келісімшарт жасалмаса, жұмыс беруші қызметкердің еңбек демалысын өтемеуге әрі қызметкердің денсаулығы нашарлаған жағдайда ақылы демалыс бермеуге құқылы. Сондай-ақ қызметкер жұмыс орнында жарақат алса, компания тарапынан өтемақы төленбеу қаупі бар.
Соның салдарынан азамат ауырып қалса, я болмаса жарақат алса өз еміне өзі төлеуге мәжбүр болуы мүмкін.
Болашағыңызға инвестиция құйылмайды
Қызметкердің жалақысынан ұсталатын негізгі әлеуметтік төлемдердің бірі міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ) – ол жалпы еңбекақы сомасының 10 пайызын ұстайды.
Бұл ақша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) сақталады әрі инфляциядан аман алып қалу мақсатында инвестицияланып жатады. Бұл ретте Қазақстанда мемлекет тарапынан зейнетақы жинақтарының кірістілігіне кепілдік берілген – егер инфляция қор кірісінен асып кетсе, салымшыларға айырмасы өтеледі.
Еңбек келісімшарты болмаса, қызметкердің зейнетақы қорындағы жинағы әлдеқайда аз болуы ықтимал, оған қоса жеке портфолиосында жұмыс тәжірибесі есептелмейді. Ал қызметкердің жұмыс тәжірибесі зейнетақы мөлшеріне тікелей әсер ететінін айта кетейік. Сондықтан бұл да болашақта қиындық тудыруы әбден мүмкін.
Келісімшарт түрі әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшеріне әсер етеді
Әдетте жұмыс беруші қызметкердің атына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) әлеуметтік аударымдарды жүргізуге тиіс. Бұл төлем жұмыс берушінің есебінен жүргізіледі.
МӘСҚ жарнасы қызметкер қысқаруға ілініп қалған жағдайда не жұмыстан босатылған кезде заң бойынша оның мүддесін қорғауға бағытталған.
Яғни қазақстандық ресми түрде жұмысқа орналасып, оның атына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүргізілсе, тіпті жұмыстан босатылған не қысқаруға ілініп қалғанның өзінде азаматқа тиісті әлеуметтік төлемдер беріледі.
Бірақ еңбек келісімшарты жасалмаса, қазақстандықтар бұл төлемдерді ала алмайды. Ал жалақының бір бөлігі қолма-қол берілген жағдайда жәрдемақы мөлшері тіпті аз болады.
Сондай-ақ жалдамалы түрде немесе келісімшартсыз жұмысқа орналасқан әйелге бала тууына/бағуына байланысты ұсынылатын декреттік төлемдердің мөлшері аз болуы мүмкін не тіпті берілмеуі ықтимал.
Сондықтан жоғарыда аталған қиындықтар мен т.б. мәселеге тап болмас үшін азаматтар жұмыс берушімен еңбек келісімшартын жасасып, еңбек қатынастарын ресми түрде рәсімдегені жөн. Себебі заң бойынша кез келген қызметкерге жұмыс орнынан тиісті төлемдер қарастырылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2044348-enbek-kelisimsartyn-zasaspai-zumys-istegen-zagdaida-qandai-tauekelder-tuyndauy-mumkin/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.