Биыл елімізге қай елдерден қанша қаражат қайтарылғаны белгілі болды
Жарияланған күні:
Австриядан 36,8 млрд теңге, Лихтенштейннен 116,7 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 10 айдағы жұмыс нәтижелері туралы есебінде айтылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Антикор таратқан ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдан бастап бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 857 млрд теңге сомасына мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтару қамтамасыз етілген.
Оның ішінде 159,8 млрд теңгесі шетелдік юрисдикциялардан түскен ақша қаражаты түрінде. Бұл сома мемлекет бюджетіне түскен. Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатқаны айтылады.
Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жергілікті атқарушы органдарда тіркелген жемқорлық қылмыстарға ерекше назар аударатыны айтылады.
"Жыл басынан бері өңірлерде барлығы 215 лауазымды тұлға әшкереленді, оның 137-сі басшылар. Жемқорлыққа ұшыраған мемлекеттік қызметшілердің ең көп саны Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Абай және Жетісу облыстарына тиесілі. Агенттік қызметіндегі басым бағыт – превенция жұмысы. Есепті кезеңде әртүрлі салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 180-ге жуық талдау және мониторинг жүргізілді. Оларды жою бойынша 1 500-ден астам ұсыныс енгізілді", - дейді Антикор өкілдері.
Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі барысында Антикор 38 млрд теңгеден астам шығындардың алдын алыпты.
"Еліміздің облыстарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру шеңберінде жалпы бюджеті 2,44 трлн теңге болатын 156 әлеуметтік нысан белгіленді. Оларды жымқыруға жол бермеу мақсатында құрылыс барысына мониторинг жүргізіледі. Бұл процеске жұртшылық та қосылған. Жалпы, халықтың жемқорлыққа қарсы белсенділігі артып келеді. Ағымдағы жылдың тамыз айында іске қосылған "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік" жобасына 2 мың бей-жай қарамайтын қазақстандық қатысып жатыр", - делінген есепте.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2044510-biyl-elimizge-qai-elderden-qansa-qarazat-qaitarylgany-belgili-boldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.