Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алдағы үш жылда доллар бағамы қандай болады: ұлттық экономика министрі жауап берді

Опубликовано:

Теңге мен доллар
Теңге мен доллар. Көрнекі фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Бүгінде доллар бағамы - 480 теңге. Алайда алдағы үш жылға арналған бюджетте доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 460 теңге шамасында болады. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров министрлер кабинеті кулуарында неліктен доллардың теңгеге шаққандағы бағамы бүгінде жоғары болғанымен, алдағы үш жылда төмендеуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Министр Ұлттық банк мәліметі бойынша, жыл басынан бері доллардың орташа бағамы 469 теңгеге тең екенін айтты.

"Біз валюта бағамы тұрақталады деп күтеміз. Ал бір жылдық көрсеткішке қарасақ, ол әдетте есептелген орташа бағаммен ұштаспайтынын байқауға болады. Былтыр валюта бағамы 500 теңгеге жетіп, одан ары көтеріліп кеткен кезде де кейін қарай түсетінін айтқан едік. Бұл жайт та осыған ұқсас.

Қазір теңге бағамы негізі құбылып тұрған жоқ. Бюджеттік мақсаттар үшін, соның ішінде валюта бағамымыз анағұрлым консерватив деңгейде және біз инвесторларға да, халыққа да валюта бағамымыздың тұрақты екенін жеткізіп жатырмыз", - деді ол.

Әлібек Қуантыровтың сөзіне сенсек, егер валюта бағамы мөлшерлемесі жоспарланғанға қарағанда сәл төмен болса, бюджетке қосымша кіріс түсуі мүмкін.

Сондай-ақ журналистер Әлібек Қуантыровқа алдағы үш жылда валюта бағамы 460 теңгеден төмендеуі мүмкін бе деп сұраған болатын.

"Ол төмендеуі де, жоғарылауы да мүмкін. Орташа алғанда 460 болуы керек", - деп қысқа жауап берді ҰЭМ басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2045814-aldagy-us-zylda-dollar-bagamy-qandai-bolady-ulttyq-ekonomika-ministri-zauap-berdi/

pixel