Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық банк пен "Халық банктің" айырмашылығы неде

Опубликовано:

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі
Фото: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

Қоғамда Ұлттық банк пен "Халық банкті" шатастырып жатады. Бұл да қаржылық сауатқа тікелей байланысты. Негізі, екеуі екі түрлі деңгейдегі банк.

"Екінші деңгейлі банк" деген сөз тіркесін естіген боларсыз. "Халық банк" – сол екінші деңгейге келетін қаржы ұйымы. Ал Ұлттық банк – бірінші деңгейлі банк. "Халық банкіне" қарағанда, оның миссиясы үлкен. Алдымен ол Орталық банк болғандықтан ұлттық валютамыз – теңгенің эмитенті саналады. Яғни, қазір қолданыста бар қағаз ақшалар мен монеталарды жасап, айналымға шығарушы әрі экономикадағы ақшалардың массасын, айналымдағы процесін қадағалап, реттеп отырушы орган. Сонымен қатар Қазақстанда ақша-кредит саясатын жүргізеді. "Халық банкінде" ондай құзырет жоқ.

Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдары біз әлемдік тәжірибеге сүйеніп, мемлекеттердің басым бөлігі қолданатын екі деңгейлі банк жүйесін таңдап алдық. Яғни, бір мемлекеттік мекеме – орталық банк болады. Ол банк жүйесінің ең бірінші деңгейінде тұрады. Ал қалған банктердің барлығы екінші деңгейлі болып саналады.

Демек, Ұлттық банктің нақты әрі негізгі мандаты – инфляцияны бәсеңдету және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету. Реттеуші бұл функцияны мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеп, іске асыру арқылы орындап шығады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі
Фото: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

Ұлттық банктің басқа да міндеттемелері бар. Олар:

  1. Төлем жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ету;
  2. Валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру;
  3. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қолдау көрсету;
  4. Ақша-кредит статистикасы мен сыртқы сектор статистикасы саласында статистикалық қызметті жүзеге асыру.

Ұлттық банк мемлекет атынан қызмет етеді дедік. Сол себепті ол коммерциялық ұйымға жатпайды. Яғни, ол өз қызметінде пайда табуды көздемейді. Жеке тұлғаға да, заңды тұлғаға да банктік қызмет көрсетпейді, есеп айырыспайды, оларға несие бермейді, халықтан депозиттік салымдар жинамайды.

Ал екінші деңгейлі банктер өзіміз үйренген классикалық банк ретінде әрекет етеді. Халықтан депозит жинайды, кредит береді, төлемдерді жүзеге асырады. Сол арқылы пайда табады. Бұл банктердің барлығы жекеменшік болуы шарт емес. Мысалы, кез келген банкте мемлекеттің үлесі болуы мүмкін.

Одан бөлек, құқықтық статустары бөлек. Толық мемлекетке бағынатын, үкіметтің экономикадағы, әлеуметтік бағыттағы саясатын жүзеге асыратын арнайы қаржы ұйымдары бар. Олар да банк деп аталады. Мысалы, "Отбасы банк" пен "Қазақстанның даму банкі". Бұл қаржы ұйымдары да екінші деңгейлі банк санатына жатады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2048172-ulttyq-bank-pen-xalyq-banktin-aiyrmasylygy-nede/

pixel