Елімізде жаңа арнайы әлеуметтік төлемді қанша азамат ала алады
Жарияланған күні:
Читать на русскомЗиянды өнеркәсіп орындарында еңбек ететін қазақстандықтар жаңа арнайы әлеуметтік төлем алуға құқылы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпараты бойынша, аталған әлеуметтік төлемдер 2024 жылы 37 мыңнан астам адамға берілуі мүмкін. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Қазақстанда жаңа жылдан бастап зиянды өндірістерде жұмыс істейтін зейнет жасына тақаған және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) кемінде жеті жыл жиналған міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар азаматтарға арнайы әлеуметтік төлемдер беріле бастайды.
Қазақстандықтар оны 55 жастан бастап зейнетке шыққанға дейін алуға құқылы. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметіне сүйенсек, жаңа әлеуметтік төлемдер тек зиянды өнеркәсіп орнынан кеткен жұмысшыларға тағайындалады. Бұл ретте зиянды өнеркәсіп орнынан кеткен адам жеңілірек жұмыс таңдай алады не тіпті зейнетке де шығуға мүмкіндігі бар.
Алдын ала мәлімет бойынша 2024 жылы орташа арнайы әлеуметтік төлем мөлшері 208 мың теңгеден асады. Бірақ әр қызметкерге тағайындалатын жаңа әлеуметтік төлем мөлшері БЖЗҚ-да жиналған қаражат көлеміне байланысты. Кей кезде төлем мөлшері 400 мың теңгеге жетуі мүмкін.
Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше құрамдас бөліктен тұрады және мынадай төрт қаржы көзі есебінен тағайындалады:
- республикалық бюджет есебінен – 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде (2024 жылы ең төмен күнкөріс деңгейі алдын ала дерек бойынша 43 407 теңге);
- өмірді сақтандыру компанияларынан – 13 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
- жұмыс берушiлердiң қаражаты есебiнен – 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
- БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен.
Есептік көрсеткіштердің өсіміне байланысты арнайы әлеуметтік төлем мөлшері жыл сайын жоғарылайды. Төлем мөлшерімен бірге бұл әлеуметтік төлемді алуға өтініш бере алатын үміткерлер саны да артады. Келер жылы аталған арнайы әлеуметтік төлемді алуға 37 мыңға жуық адам өтініш бере алады, 2025 жылы – 42 мыңнан астам адам, 2026 жылы – 47 мыңнан астам адам өтініш беруі мүмкін.
Өтініш бере алатындардың қатарында зиянды өнеркәсіп орнында еңбек ететін 2 мыңнан астам жұмысшы бар. Осылайша жаңа әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен және өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін қазақстандықтарға тағайындалады.
Еске салайық, бұған дейін премьер-министр мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін кейбір әлеуметтік төлемдер мөлшерін 7 пайызға өсіру туралы қаулыға қол қойғаны туралы жазған едік. Тиісті қаулы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов 2024 жылдан бастап зиян еңбек жағдайында жұмыс істейтін 37 мың адам арнайы әлеуметтік төлем алатынын мәлімдеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2048210-elimizde-zana-arnaiy-aleumettik-tolemdi-qansa-azamat-ala-alady/