Жұмыс іздеген кезде алаяқтарға тап болмау үшін не істеу керек
Жарияланған күні:
Читать на русскомКейде жұмыс іздеу кезінде де алаяқтарды кездестіруге болады. Қашықтан істейтін жұмыс іздегенде, я болмаса құжаттарды толтыру кезінде жалған жұмыс берушілерден қалай қорғануға болады? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Көптеген қазақстандық өмірінде бір рет болсын алаяқты кездестірген болар. Әдетте алаяқтар көбіне адамдарды бопсалап, ақша талап етеді немесе олардың атына несие рәсімдеп алады. Мысалы, 2022-2023 жылдары алаяқтарға ұрынып қалған қазақстандықтарға 8 мыңға жуық несие берілгені белгілі болды.
Дегенмен кейде азаматтар алаяқтарға күтпеген жерден тап болуы мүмкін. Мысалы, Fingramota медиа-порталы сарапшыларының айтуынша, алаяқтар жиі адамдар жұмыс іздейтін мессенджерлер мен желідегі чаттарды аңдып отырады.
Алаяқтар көбіне интернет-дүкендерге пікір қалдыру сынды қашықтан жасайтын жұмыстарды ұсынады. Жалған жұмыс беруші әрбір жазылған пікір үшін бірқалыпты төлеп отыруға уәде береді, бірақ ол үшін жұмыс іздеушіден жеке куәлігінің фотосуретін, банк картасын және тіркелген мекенжайын жіберуді талап етуі мүмкін.
Басында адам жұмыс істеп, тіпті аз мөлшерде табыс табуы да мүмкін, бірақ кейін жалған жұмыс беруші байланысқа шығуды тоқтатады. Біраз уақыттан соң жәбірленушіге банктен қызметкерлер қоңырау шалып, алынған несиенің ай сайынғы төлемін өтеуді талап етеді. Бұл ретте жәбірленушіге несиені алаяқтар рәсімдегенін дәлелдеу қиынға соғуы ықтимал, яғни қарызын кешіру туралы өтініші қанағаттандырылмауы да мүмкін.
Мамандардың айтуынша, кейде алаяқтар адамдарды түрлі әлеуметтік желі арқылы белсенді түрде жұмысқа орналасуға тартады.
Жұмыс іздеуші алаяқтармен байланысқан кезде олар жәбірленушіден тест тапсырмасын тапсыруын сұрайды, кейін алаяқ "кепіл" ретінде көрсетілген шотқа аз сомада ақша аударуды сұрап, содан кейін еңбекақысын түсіретініне, бұл қарапайым "процедура" екеніне сендіреді. Әдетте жәбірленуші алаяқтың айтқанын істеп, төлем жасағаннан кейін жалған жұмыс беруші оның алғашқы еңбекақысын төлеместен ізін суытады.
Сондай-ақ бүгінде қоғам арасында онлайн курстар танымал екенін айта кетейік. Алаяқтар жұмысқа орналасуға көмектесетін консультацияға, курс өтуге шақыратын видео/аудио жазбалар мен хабарландырулар таратуы мүмкін. Осының ішінде алаяқтықтың ең кең тараған түрі - жалған курстар сату. Алаяқтар тіркеліп, "оқыту курсын" жалғастыру үшін жәбірленушінің жеке құпия ақпаратын сұрататын жалған фишинг-сайт, яғни жалған сайт жасайды. Әрине, өтініш беруші аталған сайтта жеке мәліметін көрсетіп, тіркелген соң ол ешқандай курстан өтпейтіні сөзсіз, керісінше, алаяқтар жәбірленушінің жеке аккаунттарына немесе оның банктік шотына қол жеткізе алады.
Сонымен қатар жалған жұмыс берушілер өтініш берушіге жұмысқа орналаспас бұрын алдымен қысқартылған бағдарлама бойынша оқудан өтуге шақырады не талап етеді. Жәбірленуші аталған курс құнын төлегеннен кейін алаяқтар бірден онымен байланысын үзеді.
Ең қызығы, бұл да әлі алаяқтық түрі тізімнің соңы емес. Бүгінгі цифрлық дәуірде алаяқтар адамдарға құжатын құшақтап, ешқайда барудың қажеті жоғын айтып, барлық құжат айналымын онлайн жүргізуге болатынын сендіруі мүмкін. Бірақ бұл қызмет әлбетте тегін емес.
Адам қат-қабат құжаттардың арасында батып жатқанда не нақты бір мәселенің шешімін таппаған кезде алаяқтар барлық қажетті құжатты мессенджер немесе электрондық пошта арқылы жіберуді, содан кейін жеке нөміріңізге келетін SMS-код арқылы еңбек шартына қол қоюды сұрайды. Шын мәнінде, бұл деректер несие алуға өтініш беру үшін қажет мәліметтер.
Осылайша тіпті еңбекқор адамның өзі жұмысқа орналасу кезінде алаяқтарға тап болып жатады. Сондықтан әр кез жұмыс беруші туралы ақпаратты алдын ала тексеріп отырған дұрыс және бейтаныс адамдарға жеке ақпаратты жіберіп, көрсетпеген абзал.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2048319-zumys-izdegen-kezde-alayaqtarga-tap-bolmau-usin-ne-isteu-kerek/