Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде табиғи шыршаны кескендер қомақты айыппұл арқалайды

Жарияланған күні:

Читать на русском
Безендірілген шырша
Безендірілген шырша. Көрнекі фото: pixabay.com

Жаңа жылға орай табиғи шыршаны кескендерге елімізде қомақты айыппұл қарастырылған. Мұндай әрекетке барғандар қанша теңге көлемінде айыппұл арқалайтынын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Жаңа жыл мерекесінің маңызды элементтерінің бірі – шырша. Ол безендіріліп, бөлменің ортасына орналастырылады, ал ағаштың астына отбасы мүшелері бір-біріне арнаған сыйлықтарын қалдырады.

Әдетте адамдар жасанды шыршаны арнайы дүкендерде сатып ала алады. Дегенмен кей қазақстандықтар табиғи шыршаны орнатқысы келуі мүмкін – оны заңды түрде сатып алуға немесе арнайы орындарда жалға алуға болады.

Ал мереке қарсаңында үйінде тегін табиғи шыршаны орнатқысы келетіндер заң алдында жауапкершілік барын ұмытпауы керек.

Жабайы шыршаны кесуге бола ма

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 381-1 бабына сәйкес, адам ағаштар мен бұталарды заңсыз кесіп, жойғаны немесе оларды зақымдағаны үшін жауапқа тартылады.

Бұл ретте қазақстандықтар мынадай жағдайларда 50 АЕК (2023 жылы 172 500 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге тиіс болады:

  • орман қорына кірмейтін және кесуге тыйым салынған ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау;
  • орман дақылдарын, орман питомниктері мен плантацияларындағы егілген не отырғызылған көшеттерді, сондай-ақ ормандарды молықтыру және орман өсіруге арналған алаңдарда өзі өсіп шыққан шыбықтарды, өскіндерді не қолдан отырғызылған екпелерді жою немесе зақымдау.

Бұл ретте заң бойынша қазақстандықтардың жеке учаскелеріндегі ағаштар мен бұталарды сындырғаны үшін ешқандай жаза қарастырылмағаны айтылған.

Лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлер үшін аталған айыппұл мөлшері – 150 АЕК (желтоқсанда 517 500 теңге). Ірі кәсіп өкілдеріне тәртіп бұзу құралдарын (автокөлік, құрал-саймандар, кесілген ағаштар) тәркілей отырып, 500 АЕК-ке дейін (1,7 миллион теңгеден астам) айыппұл салынады.

Бірақ егер келтірілген залал 50 АЕК (172 500 теңге) сомасынан асып кетсе, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Сондай-ақ егер шырша орман қорының бір бөлігі екені анықталып, келтірілген залал шығыны 50 АЕК-ке дейін болса, қазақстандықтар екі есе көп, яғни 100 АЕК (345 000 теңге) деңгейінде айыппұл төлейді.

Ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ағаш кесілсе немесе бір жыл ішінде аталған бұзушылық қайталанса, адам 150 АЕК (517 000 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге тиіс. Заңды тұлғалар үшін бұл көрсеткіш – 1500 АЕК-ке (5,175 млн теңге) дейін жетуі мүмкін.

Сондықтан еліміздің табиғатына зиян келтірмеу және заңды бұзбау мақсатында Жаңа жыл қарсаңында табиғи немесе жасанды әсем шыршаларды тек ресми түрде заң шеңберінде жұмыс істейтін сатушылардан сатып алған жөн.

Еске салайық, бұған дейін 1 желтоқсаннан бастап қыста жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілерге айыппұл салына бастағаны хабарланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2050159-elimizde-tabigi-syrsany-keskender-qomaqty-aiyppul-arqalaidy/