Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Биыл жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемге қанша қазақстандық мұқтаж болған

Опубликовано:

Еңбек кітапшасы
Еңбек кітапшасы. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

2023 жылы 206,6 мың қазақстандық жұмысынан айырылуына немесе жұмыссыз деп танылуына байланысты әлеуметтік төлемдерге мұқтаж болған. Оларға қанша төленгенін KAZ.NUR.KZ журналистері анықтап білді.

Жұмыс беруші барлық тиісті жарна мен аударымды төлейтін әрбір ресми жұмысқа орналастырылған қазақстандық белгілі бір жағдайларда, мысалы, жұмысынан айырылған кезде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлемдер алуға құқылы.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарына қарағанда, 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар саны 206,6 мың адам болған.

Биыл 186 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 44,5 млрд теңге болған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және кейінгі 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45 пайызына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскер не істеуі керек:

- eGov.kz порталында авторизациялану;

- "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;

- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;

- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;

- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);

Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Еске салайық, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2050418-biyl-zumyssyzdyq-boiynsa-aleumettik-tolemge-qansa-qazaqstandyq-muqtaz-bolgan/

pixel