Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда 2023 жылы аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар қанша ақша алды

Опубликовано:

Ақша санап отырған қыз бала
Ақша санап отырған қыз бала. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Биыл арнаулы әлеуметтік көмек 113,6 мыңға жуық аз қамтылған отбасына тағайындалды, оның ішінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі 186,1 мың бала да бар. Оларға 5175 теңгеден жәрдемақы төленді. Аз қамтылған отбасыларды қолдау шаралары қалай жүріп жатыр? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметіне сүйенсек, арнаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) негізгі мақсаты – қаржылай қолдап әрі жұмыс табуға көмектесе отырып, отбасыларға қиындықтарды еңсеруге жәрдемдесу.

АӘК жан басына шаққандағы орташа табыс мөлшері күнкөріс деңгейінің (кедейшілік шегі) 70 пайызынан аспайтын отбасыларға беріледі. Қарашаның соңында бұл көрсеткіш республика бойынша орта есеппен 47 501 теңге болған.

Яғни Қазақстандағы орташа статистикалық отбасы АӘК алуы үшін оның жан басына шаққандағы орташа табысы 33 251 теңгеден аспауы керек. Әрбір өңірде өмір сүру деңгейі әр түрлі болғандықтан, бұл сома да әр аймақта өзгеше болады.

Осы орайда еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің барлығы жұмыс істеуге тиіс. Барлық шарт сақталған жағдайда адамдарға мынадай көмек көрсетіледі:

  • тоқсан сайын қаржылық қолдау;
  • мектеп жасына дейінгі әр балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде (2023 жылы 5 175 теңге) қосымша төлем;
  • жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;
  • біліктілігін арттыру курстарына жолдама беру;
  • отбасына өз ісін бастауға жәрдемақы беру.

Айта кетейік, арнаулы әлеуметтік көмек мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен облыстағы кедейшілік шегінің айырымына тең.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпараты бойынша, бүгінде қазақстандықтар АӘК алуы үшін мансап орталығына, тұрғылықты жері бойынша ауылдық округ әкімдігіне жүгіне алады, я болмаса "Электрондық үкімет" порталы арқылы өтініш беруге мүмкіндігі бар.

1 желтоқсандағы жағдай бойынша жыл басынан бері 113,6 мың отбасындағы 595,7 мың адамға арнаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 1 жастан 6 жасқа дейінгі 186,1 мың бала 1,5 АЕК көлемінде қосымша төлем алды. Биыл ол үшін бюджеттен жалпы 65 млрд теңге бөлінді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда үшінші тоқсан қорытындысы бойынша кедейшілік деңгейі өсіп, 5,6 пайыз болғаны, ал кей өңірлерде бұл көрсеткіш тіпті шамамен 10 пайызға дейін жеткені хабарланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2051410-qazaqstanda-2023-zyly-az-qamtylgan-otbasydan-syqqan-balalar-qansa-aqsa-aldy/

pixel