Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда импорттық аяқ киімдер көбейіп, бағасы шарықтап жатыр

Опубликовано:

Аяқ киім
Аяқ киім. Фото: pixabay.com

Қазақстанда отандық аяқ киім өндірісі дамып келе жатыр. Дегенмен ішкі нарық үлесінің басым бөлігі әлі күнге дейін шетелдік компанияларда, оған қоса бұл тауар бағасы бір жылда 13 пайызға артқан. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

EnergyProm порталы ақпараты бойынша, 2023 жылы қаңтар-қазан аралығында Қазақстанда 1,4 миллион аяқ киім өндірілген. Бұл былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда 5,5 пайызға жоғары. Бұл ретте сарапшылар спорттық және қауіпсіздік, ортопедиялық аяқ киімдердің өндірісін есепке алған жоқ.

Алайда отандық аяқ киім өндірісінің көрсеткіші өскенімен, елдегі аяқ киім нарығы шетелдік компаниялардың үлесінде. Отандық өндірушілер 2023 жылы бұндай аяқ-киімге деген сұраныстың 3,2 пайызын ғана қанағаттандырған.

Сондай-ақ қарашаның соңында Қазақстанда аяқ киім бағасы бір жыл ішінде бірден 13,1 пайызға өскен. Ерлерге арналған аяқ киім бағасы – 12,4 пайызға, әйелдерге арналған аяқ киім бағасы – 12,8 пайызға, балаларға арналған аяқ киім құны – 14,6 пайызға жоғарылады. Салыстыратын болсақ, желтоқсанда жалпы инфляция көрсеткіші 10,3 пайыз болған еді.

Бұл ретте айта кетейік, Қазақстан бойынша аяқ киім бағасы ең қымбат өңір - Маңғыстау облысы (24,8 пайыз) екені белгілі болды.

Түркістан (19,4 пайыз), Жамбыл (15,8 пайыз), Қарағанды (15,3 пайыз) және Қостанай (15 пайыз) облыстарында да аяқ киім бағасы жоғары екені анықталды.

Алматыда бұл көрсеткіш – 11,4 пайызға, Шымкентте – 12,4 пайызға, Астанада – 13,4 пайызға артқан. Ал Жетісу облысында аяқ киім небәрі 5,6 пайызға қымбаттаған.

Бүгінде бағаның өсуіне байланысты бұл тауар түрі, әсіресе, брендтік аяқ киімді кез келген қазақстандық сатып ала алмайды. Мысалы, Қазақстанда Nike брендіне тиесілі жүгіруге арналған орта класстық аяқ киім аса қымбат. Еліміз тіпті аяқ киім қымбат елдер арасында әлемдік рейтингте бірінші ондыққа кірген.

Биыл 13 желтоқсандағы жағдай бойынша бұл брендке тиесілі кроссовка бағасы орташа есеппен – 110,7 АҚШ доллар болған, яғни сол кездегі валюта бағамына сәйкес, 50,5 мың теңгеден асқан.

Салыстыратын болсақ, былтыр Ресейде Nike ел нарығынан ресми түрде шығып кеткеннің өзінде, бұл брендке тиесілі аяқ киім бүгінде 80,9 доллар тұрады. Беларусьте бұл брендтегі аяқ киім бағасы шамамен – 83,3 АҚШ доллар, ал Украинада 81,4 АҚШ доллар тұрады.

ТМД елдерінің ішінде аяқ киім бағасы тек Армения (121,7 доллар) мен Әзербайжанда (112,8 доллар) жоғарылағаны тіркелген. Ең қымбат кроссовкалар Швейцарияда сатылады, аяқ киім құны – 133 доллар.

Баға өскені азаматтардың әлеуметтік жағдайына әсер ететіні сөзсіз, олар негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қосымша шығындалуға мәжбүр. Бұған дейін қазақстандықтар өз шығындарының шамамен 24 пайызын азық-түлік емес тауарларға, оның ішінде киім-кешекке жұмсайтыны хабарланған еді.

Еске салайық, маусымда Қазақстандықтар қандай қоғамдық орында көбірек ақша жұмсайтынын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2051435-qazaqstanda-importtyq-ayaq-kiimder-kobeiip-bagasy-saryqtap-zatyr/

pixel