Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2024 жылы Қазақстанда орташа зейнетақы мөлшері қанша теңгеге өсті

Жарияланған күні:

Читать на русском
Зейнетақы
Көзілдірік, теңге мен калькулятор. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстанда биылдан бастап жәрдемақы мен зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7-9 пайызға артты. Осының арқасында мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақының орташа мөлшері 130 мың теңгеден асады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

2024 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда АЕК, ең төменгі күнкөріс деңгейі және ең төменгі жалақы көрсеткіші жоғарылады.

Сондай-ақ мемлекеттік зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері артты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметіне сүйенсек, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, биылдан бастап мемлекет есебінен төленетін жәрдемақылардың барлық түрі мен базалық зейнетақы мөлшерін 7 пайызға, бірлескен зейнетақы мөлшерін 9 пайызға арттыру жоспарланған.

Осылайша мемлекеттік бюджеттен алынатын жалпы базалық зейнетақының орташа мөлшері, яғни Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) берілетін төлемдерді есепке алмағанда, 2024 жылы 120 838 теңгеден 130 414 теңгеге дейін өсті.

Сондай-ақ бүгінде Қазақстанда жоспар бойынша базалық зейнетақы мөлшері көтеріліп жатыр. 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде оның ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең болды, ал ең жоғары мөлшері – 120 пайызға дейін өсті.

2024 жылы ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65 пайызын немесе 28 215 теңгені, ал базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105 пайызына, яғни 45 578 теңгеге тең болды.

Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері жәрдемақы мөлшері қалай өсетінін айтты.

Мәселен, бірінші, екінші және үшінші бала туғандарға берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге, ал төртінші және одан көп бала туғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін өсті.

Көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері де бала санына байланысты өзгеруі мүмкін – неғұрлым көп бала туылса, соғұрлым төлем мөлшері де жоғарылайды. Биылдан бастап төрт бала үшін берілетін жәрдемақы мөлшері – 59 183 теңге (былтыр – 55 304 теңге), ал 10 бала туғаны үшін – 147 680 теңге (2023 жылы – 138 000 теңге) төленеді.

Мүгедектігі бар адамдарға келсек, жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына байланысты ерекшеленеді:

  • 1-топ үшін берілетін жәрдемақы мөлшері – 95 496 теңге (2023 жылы 89 248 теңге төледі);
  • 2-топтағы мүгедектігі барларға – 76 397 теңге (2023 жылы – 71 398 теңге);
  • 3-топ мүгедектігі барларға – 52 089 теңге (2023 жылы – 48 681 теңге) төленеді.

Сондай-ақ 2024 жылы мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін кейбір әлеуметтік төлемдер – оның ішінде асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігін жоғалту бойынша тағайындалған төлемдер мөлшері 7 пайызға жоғарылады. Айта кетейік, олар мемлекеттік бюджет есебінен жәрдемақыдан бөлек беріледі.

Еске салайық, бұған дейін премьер-министр мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін кейбір әлеуметтік төлем мөлшерін 7 пайызға өсіру туралы қаулыға қол қойғаны туралы жазған едік. Тиісті қаулы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2052634-2024-zyly-qazaqstanda-ortasa-zeinetaqy-molseri-qansa-tengege-osti/