Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Биыл Астанада кейбір азаматтарға жаңа әлеуметтік көмек енгізілді

Опубликовано:

Ақша санап отырған әйел
Ақша санап отырған әйел. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Елордада 2024 жылдан бастап жекелеген азаматтарға жаңа әлеуметтік көмек енгізілді, деп хабарлайды Астана әкімдігі ресми сайты.

Әкімдік ақпараты бойынша, жыл сайын елордада әлеуметтік осал санаттағы 186 мыңға жуық адамға біржолғы әлеуметтік төлемдер мен қызметтер беріледі.

"2024 жылы қазанның екінші жексенбіде атап өтілетін Мүгедектер күніне орай әлеуметтік көмек қолданысқа енді.

1 топтағы мүгедектігі бар адамдарға 20 АЕК немесе 73 840 теңге, 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар мен барлық топтағы он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаға – 10 АЕК немесе 36 920 теңге, 3 топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 5 АЕК немесе 18 640 теңге төленеді", – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, атаулы күндер мен мереке күндерінде азаматтардың мынадай санаттарына 2,5 АЕК мөлшерінде біржолғы ақшалай әлеуметтік көмек көрсетіледі:

  • 4 ақпан (Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні) – әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан азаматтар мен қатерлі ісікпен ауыратын балалар;
  • 8 наурыз (Халықаралық әйелдер күні) – көпбалалы отбасыларға, көпбалалы аналарға, оның ішінде аз қамтылған аналарға;
  • 21-23 наурыз (Наурыз мейрамы) – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
  • 7 мамыр (Отан қорғаушылар күні) – Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы алушылар қатарындағы зейнеткерлік жастағы адамдарға;
  • 31 мамыр (Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні) – Саяси қуғын-сүргін құрбандарына, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендерге, мүгедектігі бар адамдарға немесе зейнеткер болып саналатын тұлғаларға;
  • 1 маусым (Балаларды қорғау күні) – жетім балаларға;
  • 29 тамыз (Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні) – Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға, зейнеткерлер мен біржолғы өтемақы алушыларға;
  • 1 қазан (Қарттар күні) – жасы бойынша зейнетке шыққандарға және зейнетақының ең төменгі мөлшерін алушылар қатарындағы зейнеткерлік жастағы адамдарға;
  • 1 желтоқсан (Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні) – адамның иммун тапшылығы вирусынан, оның ішінде адамның иммун тапшылығы вирусын тасымалдаушылардан зардап шегетін адамдар қатарынан әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан азаматтарға.

Сондай-ақ ҚР "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы" заңында белгіленген тәртіпке сәйкес, 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда болған Қазақстандағы оқиғаларға қатысушылардың ішінде саяси қуғын-сүргін құрбандарына желтоқсанның 16-сы (Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні) 60 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

45 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек мынадай санаттағы адамдарға көрсетіледі:

  • 15 ақпан (Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстаннан шығару күні) – "Ардагерлер туралы" заңның 5-бабы 2, 3, 4, 5-тармақтарында көрсетілген басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан ардагерлерге;
  • Ауғанстанда әскери қызмет өткеру кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бекітілген әскери қызметшілерге;
  • 26 сәуір (Чернобыль атом электр станциясындағы апат құрбандарын еске алу күні) – жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, сондай-ақ Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан адамдар қатарындағы өзге адамдарға.

9 мамырда Жеңіс күніне орай мынадай санаттағы азаматтарға әлеуметтік көмек беріледі:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 1 миллион теңгеден кем емес;
  • (осы Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген адамдардан бөлек) жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге – 45 АЕК;
  • (осы Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген адамдардан бөлек) басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан ардагерлерге – 45 АЕК;
  • басқа адамдарға, еңбек ардагерлеріне – 15 АЕК.

Сонымен қатар әкімдік өкілдерінің айтуынша, 25 қазанда (Республика күні) АӘК алушылар қатарынан аз қамтылған азаматтарға 4,5 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2054314-biyl-astanada-keibir-azamattarga-zana-aleumettik-komek-engizildi/

pixel