Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда банкте депозит ашқан кезде нені ескеру керек

Опубликовано:

Банкаға ақша салып отырған адам
Банкаға ақша салып отырған адам. Көрнекі фото: sorrapong/Getty Images

Депозит азаматтардың жинағын сақтауға, көбейтуге көмектеседі. Сондықтан өзіңізге ең тиімді депозит таңдау үшін әуелі банктік салым шартымен мұқият танысып шыққан жөн. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Банктік депозит арқылы қазақстандықтар өз жинағын құнсызданудан сақтап қана қоймай, мөлшерін арттыра алады. Дегенмен егер инвестициялау нысаны дұрыс таңдалмаса, ол тиімсіз болып, мүлдем қосымша табыс әкелмеуі мүмкін.

Сондықтан Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) өкілдерінің айтуынша, қандай да бір банкте депозит ашпас бұрын банкпен жасалған келісімшартпен танысып алған абзал. Осы орайда депозитті филиалда да, мобильді қосымша арқылы да ашуға болатынын айта кетейік.

"Тәжірибелі инвестор болсаңыз да, қарапайым салымшы болсаңыз да банк келісімшартын дұрыс оқып, толық түсініп алу керек. Бұл тәуекелдер мен күтпеген жағдайлардан сақтануға көмектеседі", – дейді қор сарапшылары.

Келісімшартты зерттеген кезде не нәрсеге назар аудару керек

Әрбір банктің келісімшартында қарастырылған жеке талаптары болуы мүмкін. Бірақ әдетте, барлық келісімшартта кездесетін бірнеше негізгі пункт бар.

Кез келген банктік салым келісімшартында мынадай мәліметтер болуға тиіс:

  • мерзімі, яғни депозит қай кезге дейін күшінде болатыны туралы мағлұмат;
  • қаражат салу және сыйақы төлеу шарттары;
  • салымды толық немесе ішінара қайтару шарттары;
  • толықтыру мүмкіндігі;
  • келісімшартты создыру талаптары;
  • пайыздық мөлшерлеме.

Пайыздық мөлшерлеме неғұрлым жоғары болса, соғұрлым депозит салымшы үшін тиімді болады. Айта кетейік, депозит түріне, қай валютада сақталғанына байланысты салынған қаржы мөлшері айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін. Мысалы, Қазақстанда доллармен сақталған депозит бойынша сыйақы мөлшерлемесі бір жылда 1 пайыздан аспайды.

Сыйақы мөлшерлемесі әдетте, келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін өзгеріссіз қалады. Кейде банктер пайыздық мөлшерлемені көбейте алады, бірақ келісімшарт қайта жасалғанға дейін оларды төмендетуге құқығы жоқ.

Пайыз алу

Депозиттің негізгі мақсаты – бастапқы салынған соманы ұлғайту. Сондықтан сыйақы мөлшеріне әсер ететін депозит шарттарын зерделеу қажет.

Кейбір банктік депозит түрлерінде қаражат мерзімінен бұрын шешіп алынған жағдайда айыппұл салу қарастырылған. Мысалы, егер сіз депозиттегі жинағыңыздан ақшаны мерзімінен бұрын шешіп алсаңыз, онда бұрыннан жиналып келе жатқан барлық сыйақы пайызыңыз жойылуы ықтимал.

Мерзімді депозиттерде айыппұлдар аса қатаң емес, бірақ келісімшарттың аяқталуына дейін ақшаны шешіп алсаңыз, сыйақының бір бөлігін жоғалтуыңыз мүмкін.

Ал Қазақстанда кең қолданыстағы депозит түрі – мерзімсіз депозит. Бұл депозит түрінде шектеулер жоқ – қаражатты кез келген уақытта шешіп алуға болады, ең бастысы есепшотта минималды сома қалуға тиіс.

Депозитті алу немесе толтыру мүмкіндігі пайыздық мөлшерлемеге айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Әдетте, шарттар неғұрлым қатаң болса, соғұрлым сыйақы да көп болады.

Сондықтан инвестор үшін оған қандай шарттар сәйкес келетінін алдын ала шешу маңызды, сонымен қатар комиссиялар мен ықтимал айыппұлдар нақты көрсетілген келісімді мұқият зерделеу керек.

Депозитті қайтару

Сондай-ақ әрбір банктік депозиттің қайтару шарттары әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, кей банктік депозиттерде салымшының өтініші келіп түскеннен кейін дереу ақшасын қайтарып беруге міндетті.

Жинақтаушы және мерзімді депозиттерде мұндай мүмкіндік қарастырылмаған – әдетте салымшы банкке ақшаны қайтару туралы өтініш бергеннен кейін қаражат иесіне қайтарылу үшін біраз уақыт керек.

Бұл жағдайда мерзімді депозиттен барлық соманы немесе оның бір бөлігін мерзімінен бұрын шешіп алуға болады. Алайда жинақ депозитіндегі қаражаттың бір бөлігін мерзімінен бұрын шешіп ала алмайсыз, ал барлық соманы қайтару туралы өтініш берілсе, өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 30 күннен ерте емес уақыт аралығында беріледі.

Депозит мерзімін ұзарту

Банктік депозит келісімшартымен танысу барысында депозит мерзімін ұзарту шарттарына да назар аудару керек. Әдетте, келісімшарттарда қандай жағдайда банктік депозит мерзімін создыруға болатыны, сондай-ақ депозит мерзімін ұзарту саны бойынша шектеу бар-жоғы жазылады.

Кейде банктер өз бетінше депозит қанша мерзімге ашылса, сонша уақытқа автоматты түрде создыруы мүмкін. Оның үстіне бұл үдеріс салымшының қатысуынсыз жасалады. Егер депозит мерзімі создырылмаса не ұзарту мүмкіндігі болмаса, банк депозитте жатқан салымшының ақшасын оның жұмыс істеп тұрған шотына аударады.

Айта кетейік, депозитті ұзарту кезінде банктер оның шарттарын қайта қарауға құқылы, мысалы, сыйақыны көбейту немесе азайту туралы шешім қабылдауы мүмкін.

Осылайша, келісімшарттағы барлық аталған пунктке назар аударсаңыз, ең тиімді банктік депозитті таңдай аласыз. Оған қоса күтпеген жағдайлардан алдын ала сақтана аласыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2054366-qazaqstanda-bankten-depozit-asqan-kezde-neni-eskeru-kerek/

pixel