Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Клиенттер QR арқылы төлейді": алматылық кәсіпкерлер мобильді аударымдарға қатысты өзгерістер туралы не дейді

Жарияланған күні:

Қыз кофеханадағы төлемді төлейді
Иллюстрациялық фото: depositphotos.com

Жаңа жылдан бері қазақстандық кәсіпкерлер жаңа "өзгерістерді" бастан кешіруде - бұдан былай тауар немесе қызмет құнын мобильді аударыммен қабылдағандар тексеріске ұшырайды. Жағдайдан шығу үшін кәсіпкерлер түрлі тәсілді қолдануда – кейбірі онлайн-төлем қабылдаудан бас тартып, қолма-қол есеп айырысуды талап етуде, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қазіргі таңда қазақстандықтар дүкенде немесе базарда сауда жасау үшін қолыңда қолма-қол ақша болуы керектігін айтып, наразы болуда. Алайда бұл да шешім емес – түптеп келгенде бизнесмендер салық органына табыстың қайдан келгенін түсіндіруі керек болады.

Кәсіпкерлердің кейбірі "Тек қана қолма-қол ақша қабылдаймыз" деген жазуы бар тақтайша іліп әуре болып жатқанда, адал ниетті бизнес иелері бірден ашық жұмыс істеудің қажеттілігін түсініп, төлем қабылдаудың заңды түріне, оның ішінде бизнеске арналған банк қосымшаларын қолдануға көшкен.

Бүгінгі таңда бизнес үшін жасалған мүмкіндіктер өте көп – мәселен тегін POS-терминал алып, төлемдерді QR-код арқылы қабылдауға болады, тегін онлайн-кассаны қосып, автоматты түрде фискалды чектер шығарып бере алады. ЖК ретінде тіркелу де өте оңай – бүгінде бұны екінші деңгейді банктердің қосымшаларынан жүзеге асыруға болады. Бұл операциялар әдетте көп уақыт алмайды.

Алматылық кәсіпкерлердің бірі Жансұлу базарда аяқ-киім сатады. Ол мобильді аударымдар енді қатаң тексеріледі деген жаңалыққа қатты қинала қойған жоқ.

"Мен төлемді QR арқылы қабылдаймын, қолма-қол ақшаны да аламыз. Бұл бизнес үшін проблема деп айта алмаймын", - дейді ол.

Тағы бір бизнесвумен – Надежда банктердің бизнеске арналған қосымшаларын қуана қолданады.

"Клиенттерім QR арқылы төлейді, бұл қосымша арқылы аударымдар да жасауға болады, чектерді береміз. Бұл ыңғайлы, сондықтан мен үшін бірдеңе өзгерді деп айта алмаймын. Бұған дейін де осылай жұмыс істеп келдік. Естуімше, есептерді бірден салық органына жіберетін тағы бір қосымша пайда болған. Десе де көп адам ыңғайсыз болғанын айтып, наразы болуда", - деп пікірін ортаға салды ол.

Ұлан есімді кәсіпкер бұл "жаңалықтарға" аса қатты қуана қоймағанын жеткізді. Айтуынша, клиенттерден төлем қабылдаудан бас тарту қажеттілігіне емес, өзі үшін де тауар үшін аударыммен төлей алмайтынына қынжылған.

"Жаңа жылдан кейін клиенттер аса көп емес, сонда да мен қазір аударыммен төлем қабылдамаймын. Қалай болатынын көреміз. Егер клиенттер QR сұраса, мархабат, ол бізде бар. Салық төлеп отырмыз, онсыз болмайды. Базарға жұмыртқа алуға барып едім, ешкім мобильді аударым қабылдамайды, бәрі қолма-қол ақшамен есеп айырысуды сұрайды", - дейді ол.

Дегенмен, азық-түлік базарларында да жағдай осыған ұқсас – енді тек мобильді аударымдар жасауға арналған тақтайшалардың орнына QR-код жазылған тақтайшалар қойылыпты. Саудагерлер де басқа амал жоқ дейді, сатып алушылар қолма-қол ақша ұстамайтынына көп болған, ал сауда жасамаса тағы болмайды.

"Мобильді аударымдар қабылдамаймыз, жеке кәсіпкер ретінде QR-мен жұмыс істейміз. Әлбетте, комиссия төлеу керек болады, бірақ ол айтарлықтай көп емес. Қолма-қол ақшаны да қабылдаймыз. Бірақ көп адам "қағаз" ақша ұстамайды. Қосымша арқылы әдеттегідей төлем қабылдап жатырмыз. Жалпы, ыңғайлы. Жасыратын ештеңеміз жоқ, табысымыз да кереметтей көп емес", - дейді Майнұр есімді сатушы.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышевтің айтуынша, сатып алушылар тауарлар мен қызметтер үшін банк картасымен төлесе, бұл Қазақстандағы көлеңкелі экономика көлемін азайтады.

"Қолма-қол емес есеп айырысу сатып алушының да, сатушының да қаржы мәдениетіне жақсы әсер етеді. Қолма-қол төлем жасалу да қажет екенін мойындау керек. Басты себеп – салық төлеуге құлықсыздық таныту", - дейді Барышев.

Десе де бұл кәсіпкерлер үшін айтарлықтай өзгеріс деп айтуға болмас. Өңірлік кеңес төрағасы жеке кәсіпкерлер салықты өздері әдетте таңдаған салық салу режиміне сай төлейтінін, қосымша салық қарастырылмағанын атап өтті.

Айта кету керек, биыл 1 қаңтарға дейін түскен қолма-қол ақшаны кәсіпкерлер депозитке салу арқылы заңдастыра алды. Ал мұндай қаражатты декларациялаудың қажеті де жоқ – екінші деңгейлі банктер әр клиенттің ЖСН-не тіркелген реестрлер негізінде салық органдарына ақпаратты өздері береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2054432-klientter-qr-arqyly-toleidi-almatylyq-kasipkerler-mobildi-audarymdarga-qatysty-ozgerister-turaly-ne-deidi/