Елімізде қай брендтің көлігін бөліп төлеу шартымен сатып алуға болады
Жарияланған күні:
Көлік сатып алу кезінде көп шығындалмау үшін қазақстандықтар бөліп төлеу қызметін пайдалана алады. Бірақ оның да ерекшеліктері бар: бастапқы жарна төленуі керек әрі толық соманы бөліп төлеу үшін көбіне қысқа мерзім беріледі. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Бөліп төлеу кезінде көбіне бастапқы сома үстіне пайыз қосылмайды немесе ол несие алғандағы пайыздан әлдеқайда аз болуы мүмкін. Дегенмен, бөліп төлеу шарты да несие ретінде рәсімделетінін ұмытпаған жөн, яғни төлем кешіктірілсе, тұтынушыға айыппұл салынуы ықтимал. Осылайша азамат артық шығындалуы мүмкін.
Осы орайда біз Қазақстанда қай брендтің автокөлігін бөліп төлеу шартымен сатып алуға болатынын анықтауды жөн көрдік.
Omoda
Брендті ұсынатын компания өкілі сайтының ақпараты бойынша, C5 және S5 модельдеріндегі Omoda автокөліктерін мынадай шарттармен бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады:
- бастапқы жарна автокөлік құнының 50 пайызына тең болуы керек;
- бөліп төлеу мерзімі – екі жыл.
Өкінішке қарай, бұл брендтің сайтынан қосымша ақпарат таба алмадық.
Chevrolet
Компания ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, тұтынушыларға Chevrolet Tracker моделін сатып алу үшін мынадай бөліп төлеу шарттары қарастырылған несие ұсынылады:
- мерзiмі – үш жылға дейiн грейс-кезең қарастырылған, кейiн шарт бойынша кәдiмгi несие төлегендей төлем жасалады;
- сыйақы мөлшерлемесі – грейс-кезеңі кезінде 0,12 пайыздан басталады;
- бастапқы жарна мөлшері – автокөлік құнының кемінде 50 пайызы;
- КАСКО – үш жылға несие шартымен беріледі.
Айта кетейік, аталған мөлшерлеме тек алғашқы үш жылға арналған, бірақ несие 84 айға дейін (7 жыл) берілуі мүмкін.
Ал бөліп төлеуді уақытылы өтеп тастаған жағдайда артық төлем мөлшері әжептеуір аз болады. Бірақ белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін жоғары мөлшерлемемен несие беру шарттары іске қосылуы мүмкін.
JAC
Бұл автокөлік маркасына қызығушылық танытқандар мынадай бөліп төлеу шарттары қарастырылған несиемен сатып ала алады:
- несие мерзімі – 12, 24 және 36 айға дейін беріледі. Азаматтар грейс-кезеңі кезінде бөліп төлеу шарты бойынша автокөлік сатып алса, артық төлем мөлшерін азайта алады;
- бастапқы жарна мөлшері – 20 пайыздан басталады;
- сыйақы мөлшерлемесі – грейс-кезеңі кезінде 0,12 пайыздан басталады, ал белгіленген жеңілдік мерзімі аяқталғаннан кейін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлеме (ЖТСМ) 15,08 пайыздан басталады.
Changan Auto
Changan Auto дилерлік компания мәліметіне сүйенсек, автокөліктерді сатып алуға бекінгендер толық соманы мынадай шарттар бойынша бөліп төлей алады:
- бастапқы жарна мөлшері – таңдалған модель бағасының 10 пайызынан басталады;
- несие мерзімі – 36 айға дейін жетуі мүмкін;
- сыйақы мөлшерлемесі – ЖТСМ көлемі толық соманы бөліп төлеу арқылы өтеген жағдайда 0,1 пайызға тең.
Ал үш жылдан астам мерзімге автокөлік несиесін рәсімдеген жағдайда ЖТСМ мөлшері 15,5 пайызға дейін көтерілуі ықтимал.
Hongqi
Премиум бренд қатарындағы автокөліктерді де бөліп төлеу шарттарымен сатып алуға болады, оған қоса бөліп төлеу мерзімі де ұзағырақ.
Жалпы Hongqi автокөлік брендінің кез келген моделін сатып алу бойынша мәміле жасасқан жағдайда мынадай шарттар ұсынылады:
- бастапқы жарна мөлшері – автокөлік құнының 50 пайызынан басталады;
- сыйақы мөлшерлемесі – ЖТСМ 0,1 пайызға тең;
- мерзімі – бес жылға дейін бөліп төлеуге болады.
KIA
KIA маркалы автокөліктерді сатып алу кезінде түрлі ұсыныстардың ішінде бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған шартты анықтадық. Сатып алушы бөліп төлеу шарттарын рәсімдеу кезінде өзінің шарттарын қоюға құқылы:
- мерзімі – үш жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеуге болады;
- бастапқы жарна – сатып алу туралы келісімшартты жасасу мерзіміне байланысты, оған қоса бөліп төлеу мөлшері 10 пайыздан басталады (бөліп төлеу мерзімі неғұрлым ұзақ болса, төлем мөлшері соғұрлым көп болады);
- сыйақы мөлшерлемесі – 0,1 пайыздан басталады;
- қолжетімді модельдер: Picanto, Ceed, Ceed SW, XCeed, Cerato, K5, K8 және K9.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2054521-elimizde-qai-brendtin-koligin-bolip-toleu-sartymen-satyp-aluga-bolady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.