Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қанша қазақстандыққа өтінішсіз жәрдемақы мен басқа да төлемдер тағайындалды

Опубликовано:

Ақша санап отырған әйел
Ақша санап отырған адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

2023 жылдан бастап Отбасылық цифрлық карта Қазақстанда жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді проактивті түрде тағайындауға кірісті. Бүгінгі таңға дейін Отбасылық цифрлық карта бойынша 333 мыңнан астам адамға жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер тағайындалған. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Отбасылық цифрлық карта қызметі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылған. Оның негізгі міндеті – кез келген көмекке мұқтаж қазақстандықты анықтап, оған тиісті әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар немесе тағы басқа мемлекеттік қызметтерді тағайындау.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметіне сүйенсек, бұл жүйе енгізілгеннен кейін азаматтар өтініш бермегеннің өзінде 333,2 мыңға жуық қазақстандыққа проактивті түрде жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер тағайындалған.

Дегенмен жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді алушылар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. 2023 жылы 843,9 мыңнан астам адамға 1414 нөмірінен мемлекеттік қызметтерді проактивті тағайындау туралы SMS-хабарлама келген.

Бұл хабарламаны алған адамдар оған келісіммен жауап беруі керек болды, кейін жәрдемақы немесе әлеуметтік төлем автоматты түрде тағайындалушы еді. Оны алған кейбір азаматтар хабарламаны көрмей қалуы не оған мән бермеуі мүмкін, я болмаса оны жалған ақпарат деп санауы ықтимал. Бірақ мұның еш салдары жоқ, адам өзіне заң бойынша тиесілі мемлекеттік қызметін алуға құқылы.

Сондай-ақ ведомство ақпараты бойынша, 2023 жылы отбасылық цифрлық карта арқылы 64,6 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа орналасу, тегін оқудан өту мүмкіндіктері әрі жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдаудың т.б. түрі жайлы ақпарат ала алған.

Қазіргі уақытта отбасылық цифрлық карта 6 миллион отбасынан тұратын 20 миллион қазақстандықты қамтиды. Осылайша бұл адамдар мынадай мемлекеттік қолдау түрлерін проактивті түрде алу мүмкіндігіне ие болды:

Мемлекеттік жәрдемақылар:

  • асыраушысынан айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлемдер;
  • мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) берілетін жәрдемақы;
  • мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы;
  • көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы;
  • "Алтын алқа" және "Күміс алқа" мәртебелеріне ие болған көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдер:

  • еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан кезде төленетін әлеуметтік төлем;
  • жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем;
  • асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем.

Мемлекеттік бюджет қаражатынан жүзеге асырылатын өзге де төлемдер:

  • атаулы әлеуметтік көмек;
  • қайтыс болған адамды жерлеуге арналған біржолғы төлем.

Айта кетейік, Отбасылық цифрлық карта бойынша т.б. кейбір қосымша мемлекеттік қызметтертер көрсетіледі. Мысалы азаматтарға зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі пайда болғаны жайлы немесе "қандас" мәртебесінің жарамдылық мерзімі туралы хабарлама келуі ықтимал.

Сонымен қатар бұған дейін ведомство өкілдері 2024 жылдан бастап денсаулық сақтау және білім беру салалары бойынша т.б. мемлекеттік кепілдік енгізу, ал 2025 жылдан бастап білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау сынды салалар бойынша мемлекеттік қызметтердің барлық түрін енгізу жоспарланып жатқанын хабарлаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2055187-qansa-qazaqstandyqqa-otinissiz-zardemaqy-men-basqa-da-tolemder-tagaiyndaldy/

pixel