Қазақстанда баспана неге қымбаттауы мүмкін: сарапшылар жауап берді
Жарияланған күні:
Читать на русскомТұрғын үй нарығындағы баға өсімі Қазақстандағы инфляция деңгейінен айтарлықтай төмен. Бірақ ол инфляциялық процестер мен теңгенің әлсіреуі салдарынан жылдамырақ өсе бастауы мүмкін. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
2023 жылғы желтоқсанның аяғында Қазақстанда инфляция 9,8 пайызға дейін төмендеді. Бұл ретте экономиканың кейбір салаларында бағаның өсу қарқыны бұрынғыға қарағанда бәсеңдеген. Мысалы ішкі нарықтағы жаңа салынған тұрғын үй бір жылда небәрі 3,4 пайызға қымбаттаса, қайталама тұрғын үй, керісінше, 3,7 пайызға арзандаған.
Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, баға көрсеткіштеріне халықтың сұранысы айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда ол айтарлықтай төмендеген. Биыл 2022 жылға қарағанда сатылымдар көрсеткіші жоғары болған айлар санаулы. Жалпы сұраныс көрсеткіші екінші жыл қатарынан төмендеп жатыр. 2022 жылы 23 пайызға, 2023 жылы 20 пайызға төмендеген.
Қазақстандықтар зейнетақы жинағын баспана сатып алуға жұмсай бастағаны сұраныстың төмендеуіне әкеп соққан. Сондай-ақ еліміздегі "7-20-25" сынды кейбір жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларын қаржыландыру үдерісі қысқара бастағаны да тұрғын үй нарығындағы бағаға әсер етті.
Дегенмен алдағы жылы Қазақстанның жаңа салынған тұрғын үй нарығындағы баға көрсеткішінің өсу қарқыны орташа есеппен 6-8 пайызға дейін артуы ықтимал. Сарапшылардың пікірінше, бұған теңгенің болжамды әлсіреуі, жоғары деңгейлі орташа жылдық инфляция, нарықтағы ұсыныстардың аздығы мен жалақының сатып алу қабілетінің артуы сияқты бірнеше себеп болуы мүмкін.
Қайталама нарықтағы баспана да айтарлықтай қымбаттайды. Сарапшылардың сөзіне сенсек, биыл баға көрсеткішінің төмендеу тенденциясы бәсеңдеп келе жатыр, алдағы уақытта тіпті жылына шамамен 3 пайызға қайтадан көтеріле бастауы ықтимал.
Дегенмен қайталама тұрғын үй нарығындағы баға көрсеткішінің өсу қарқыны жаңа салынған тұрғын үй нарығындағы баға көрсеткіштерімен салыстырғанда төмен болуы мүмкін, сондықтан еліміздегі жалпы тұрғын үй нарығында баға көрсеткіші шарықтағанын байқауға болады. Мұндай жағдайда жаңа салынған тұрғын үй нарығындағы сұраныс есебінен қайталама нарықтағы эксплуатацияға дайын тұрғын үйге деген сұраныс артуы мүмкін.
Айта кетейік, тұрғын үй нарығындағы қазіргі баға көрсеткіштері сұраныстың бірте-бірте төмендеуіне әкеп соққан себептердің бірі: көптеген қазақстандықта жеке пәтер немесе үй сатып алуға мүмкіндігі жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2055721-qazaqstanda-baspana-nege-qymbattauy-mumkin-sarapsylar-zauap-berdi/