Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БЖТ тоқтатылған соң елде пәтер жалдау құны өсуі мүмкін бе: мамандар пікір білдірді

Жарияланған күні:

пәтер
Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третьяков

Биыл бірыңғай жиынтық төлемнің тоқтатылуына байланысты пәтер бағасы өсуі мүмкін. Өйткені баспананы жалға берушілер бұрын бір айға тек 3450 теңге салық төлесе, енді жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, табысының бір пайызын мемлекетке береді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна тілшісі пәтерді жалға беріп нәпәқа табу елімізде кең таралған кәсіптің бір түрі екенін атап өтті. Мәселен, Алматыда 250 мыңға жуық адам шағын және орта бизнеспен айналысады. Ал соның 20 мыңы пәтерді жалға беріп күнелтуде.

"Бірыңғай жиынтық төлемнің тоқтатылуы пәтерді немесе үйді жалға беретіндерге тікелей тиеді. Енді өз-өзін жұмыспен қамтып отырғандар салықтан бөлек әлеуметтік төлем, зейнетақы аударымы мен медициналық сақтандыруды төлейді. Сәйкесінше, егер бұл соманы жалға берушінің қалтасы көтермесе, әрине, пәтерінің жалдау ақысын көтереді", - дейді жылжымайтын мүлік маманы Әсел Досымбекова.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалға берілетін пәтердің құны орта есеппен бір шаршы метріне 3200 теңге болыпты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда төрт жарым пайызға қымбаттаған.

Құны жоғары пәтерлер бойынша көшті бастап тұрған Алматы, кейін Астана. Негізінде жалдау ақысының құны көбіне сұранысқа байланысты болады.

"Бірыңғай жиынтық төлемнің тоқтатылуы нарыққа қалай әсер ететінін нақты айту қиын. Кейбір жалға берушілер салық сомасын жалдау ақысының үстіне қосуы мүмкін. Бірақ баспананы жалдау нарығына әлдеқайда көбірек әсер ететін – сұраныс", - деді жылжымайтын мүлік сайтының шолушысы Ирина Милаярова.

Алайда риелтор қазіргі нарықта сұраныс аз екенін атап өтті.

"Біз былтыр толық жиһаз қойылған, жөнделген жаңа тұрғын үй кешенінде екі бөлмелі, 45 шаршы метрден бастап, 400-500 мыңға оңай өткізетінбіз. Қазір 400-дің өзіне сұраныс жоқ. Өйткені ұсыныс көп", - деді риелтор Нәзгүл Смағұлова.

Аталмыш өзгеріске байланысты жалдау ақысының көтерілуі екіталай дейді риелторлар. Бірақ нарықты не күтіп тұрғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Сұраныс артса, бірыңғай жиынтық төлемнің бар-жоғына қарамай бағаның қайта шарықтайтыны жасырын емес.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055290-bzt-toqtatylgan-son-elde-pater-zaldau-quny-osui-mumkin-be-mamandar-pikir-bildirdi/