Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қайтыс болған адамның қарызын мұрагері төлеуі керек пе

Опубликовано:

кілт және үйдің макеті
Кілт және үйдің макеті. Көрнекі фото: pixabay.com

Мұрагерлер қайтыс болған туысының не басқа мұра берушінің мүлкін иеленіп қана қоймай, мойнына қарыз іліп алуы мүмкін. Бұл мәселе Қазақстанда қалай реттелетінін KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қайтыс болған адамның мүлкін мұраға алуға құқылы қазақстандықтар бір кілтипан бар екенін ұмытпағаны жөн, соның салдарынан қарызданып қалуы да мүмкін.

Азаматтық кодекстің 6-тарауы 1040-бабы 1-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес, мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi.

Кей жағдайда міндеттемелердің сомасы мұраға қалған барлық мүліктің құнынан көп болуы мүмкін. Салдарынан мұрагерлер қомақты қаржы шығынына батуы ықтимал. Дегенмен Fingramota.kz сайтындағы ақпаратқа сәйкес, бұл мәселені алдын ала қарастырып, қарызданбай шығуға болады.

Мұраны қабылдамас бұрын не істеу керек

Мұрагерлерге мұраны алуға немесе одан бас тартуға алты ай уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде олар мұра қалдырушының қандай мүлкі мен қаржылық міндеттері болғанын анықтай алады.

"Бұл мәселені мұра рәсімдеумен айналысатын нотариустан сұрап білуге болады.

Одан мұра қалдырушының сақтандыруы бар-жоғын және оның өлімі сақтандыру жағдайы болып санала ма, соның анық-қанығын сұрауға болады. Көп жағдайда бұл мәселелер сақтандыру шартында жазылып, көрсетілген", – деп жазылған дереккөзде.

Кейде адам мұраны алғысы келмегеннің өзінде қарызданып қалуы мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан шешім қабылдау үшін берілген уақыт пен қайтыс болған адамға тиесілі мүлікті пайдалану бойынша шарт ерекшеліктеріне назар аудару керек.

Қалдырылған мұраның құны мен қарыздың мөлшерін қалай білуге болады

Қалдырылған мұраны алу кезінде барлық мүліктің нарықтағы құнын анықтап алған абзал. Осылайша мұра қалдырушының қарыздары мен міндеттерінің сомасы қабылданған заттардың (тұрғын үй, көлік және т.б.) құнынан асатынын не аспайтынын білуге болады.

"Мұрагер мұраны қабылданғанға дейін мүлікті бағалау жұмыстары жүргізілуі керек, өйткені содан кейін бағалауды қайта жүргізу мүмкін болмайды.

Алынған мәліметтер қарыз сомасы мұраның құнына сәйкес не сәйкес емес екенін білу үшін ғана емес, мемлекеттік баж салығын есептеу үшін де пайдаланылады", — делінген Fingramota.kz хабарламасында.

Мұра қалдырушы қайтыс болғаннан кейін қарыз сомасы өсуі мүмкін бе

Әдетте кредиторлар (банктер, микроқаржылық ұйымдар) айыппұлдың қарыз алушы қайтыс болған күнгі мөлшерін белгілеп қоюы керек

Дегенмен мұрагерлер нотариустан қарыздық міндеттемелердің сомасын алдын ала анықтап, мұраны алатын болса, тездетіп кредиторларға мұра қалдырушының қайтыс болғаны туралы куәлігін ұсынғаны дұрыс.

Сонымен қатар мұрагерлік құқығын қабылданғанға дейін айыппұл есептемеу және қарызды "тоқтату" туралы талап жолдағаны жөн. Ал егер кредитор айыппұл пайыздарын есептеп қойса, қайта есептеуді талап етуге құқылысыз.

"Егер сіз мұрагерлік құқығына ену және мұра қалдырушының борыштарын қабылдау туралы шешім қабылдасаңыз, онда төлемдерді бастапқы қарыз шартында белгіленген өтеу кестесі бойынша төлейсіз.

Борышты өтеу кестесі қанағаттандырмауы не мерзімінен бұрын төлем жасағыңыз келуі мүмкін, мұндай мәселені кредитормен талқылау керек. Осылайша сіз артық қиындықтардан құтылып, қарызға батпайсыз ", – делінген дереккөз хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін елімізде азаматтың несиесін балалары төлемеуі үшін не істеу керек екенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2056329-qaitys-bolgan-adamnyn-qaryzyn-murageri-toleui-kerek-pe/

pixel