Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жер сілкінісінен сақтандырылмаған тұрғындарға өтемақы төлене ме

Опубликовано:

Есеп жүргізіп отырған адам
Есеп жүргізіп отырған адам. Көрнекі фото: freepik.com

Жер сілкінісі, өрт және басқа да апаттар азаматтардың мүлкіне зиян келтіріп, оларды шығынға батыруы мүмкін. Әдетте сақтандырылған мүлікке зиян тиген жағдайда қазақстандықтар шығын өтемақысын талап етуге құқылы. Бірақ азаматтың мүлкі сақтандырылмағанның өзінде оған мемлекет атынан көмек көрсету қарастырылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Үш мегаполис пен бес облыс тұрғындары сезген бірқатар жер сілкінісі қазақстандықтарды үрейлендіріп қойды.

Ресми дереккөз ақпараты бойынша, Алматы облысында жер сілкінісінен кейін 19 нысанның қабырғалары мен өзге де жерлерінде жарықтар анықталған.

Айта кетейік, кез келген азамат түрлі табиғи апат салдарынан үйінен айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан қазақстандықтар өз мүддесін қорғау үшін мүлкін сақтандырып қоя алады, бірақ бұл қаржы құралдарын кез келген қазақстандық пайдалана бермейді.

EGov.kz электрондық үкімет порталы мәліметіне сүйенсек, қазақстандықтың жеке мүлкі сақтандырылмаса, онда ол мемлекет есебінен көмек алуға құқылы.

Зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіледі

Мынадай жағдайда адамдар мемлекеттiк көмек алуға құқылы:

  • Табиғи апат немесе өрт салдарынан зардап шеккенде;
  • Табиғи апат салдарынан отбасы мүлкіне зақым келген, жоғалған кезде немесе ірі шығынға әкелетін залал тигенде.

Әдетте мемлекеттік көмек ақшалай көрсетіледі. Ал мөлшері болса бекітілмеген – жергілікті атқарушы органдарда (әкімдіктерде) тағайындалған арнайы комиссияның залалды бағалау нәтижесі бойынша әр қазақстандықтың шығынын өтеу мақсатында берілетін өтемақы мөлшері жеке анықталады.

Мемлекеттік көмекті қалай алуға болады

Әлеуметтік көмекті алу үшін адам тұрғылықты жері бойынша республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), қалалық ауданның халықты әлеуметтік қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органына немесе кенттің, ауылдың, ауыл округінің әкіміне мынадай құжаттарды ұсынып, жүгіну қажет:

  • жеке басын куәландыратын құжат;
  • адамның (отбасы мүшілерінің) табысы туралы мәліметтер;
  • табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру фактісін растайтын құжат.

"Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады", - делінген "Электрондық үкімет" порталы хабарламасында.

Ал өтініш берушінің қажетті құжаттары бүлініп не жоғалып қалса, уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындайды.

Сондықтан, ең бастысы, жергілікті әкімдікке жүгініп, көмек алу үшін қолда бардың бәрін беру керек. Ал қалғанын жинау үшін қазақстандыққа көмек көрсетілуі ықтимал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2057265-zer-silkinisinen-saqtandyrylmagan-turgyndarga-otemaqy-tolene-me/

pixel