Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Декларация тапсырудан жалтарған қазақстандықтар жазаға тартылуы мүмкін бе

Опубликовано:

Құжат үстінде жатқан тиындар мен қаламдар
Тиындар мен қаламдар. Көрнекі фото: pixabay.com

2024 жылы салық декларациясы бағдарламасына қатысатын қазақстандықтар саны артты. Ал декларация тапсырудан жалтаруға тырысқандар немесе оған мән бермейтіндер айыппұл төлеуі мүмкін, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жалпы декларацияның үшінші кезеңіне қатысушылар (заңды тұлғалардың басшылары мен қатысушылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары) 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін 250.00 формасы бойынша кіріс декларациясын тапсыруға тиіс.

Декларацияның өткен кезеңдеріне де қатысушылар (мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары) 270.00 формасын осы мерзімге дейін тапсыруға тиіс. Декларацияда күнтізбелік жыл ішіндегі табыс, сатып алынған мүлік пен салық шегерімдері көрсетілуі керек.

Алайда декларация тапсырып үлгермегендер немесе әдейі тапсырудан жалтарғандар жауапқа тартылуы мүмкін.

Бағдарламаның жаңа қатысушыларына қандай жазалар қарастырылған

Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері жалпыға бірдей декларациялау бағдарламасына кіру кезінде заң бұзушылықтар анықталған жағдайда қандай шаралар қарастырылғанын айтып берді.

Дереккөз ақпараты бойынша, декларацияны елемеген қазақстандықтарға бірінші жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 272-бабы 1-тармағына сәйкес, ескерту жасалады.

Тіпті декларация тапсыру кезінде ақпарат толық емес немесе қате көрсетілгеннің өзінде әуелі тек ескерту жасалады.

Декларацияға қатысып жатқан қазақстандықтар нені ескеруі керек

Егер бағдарламаға қатысып жатқан тұлғалар 270.00 формасын бірінші рет тапсыруға үлгермей, белгіленген мерзімінен кешігіп қалса, оларға да ескерту жасалады. Алайда ескерту жасалғаннан кейін бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, 2024 жылғы жағдай бойынша 15 АЕК – 55 380 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Сондай-ақ декларацияда мәліметтер толық емес немесе қате көрсетілгені үшін 3 АЕК (11 076 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Оған қоса салық салынуға тиіс объектілер бір жыл ішінде бірінші рет жасырылса, төленбеген салық сомасының 200 пайыз мөлшерінде айыппұл салынады, ал заң бұзушылық қайталанған жағдайда 300 пайыз мөлшерінде айыппұл салынады.

Декларацияны тапсыру үшін не істеу керек

Декларацияны тұрғылықты жері бойынша 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет.

Мұны мына порталдарға өтіп, жасауға болады:

  • веб-порталдар – "Салық төлеушінің кабинеті" немесе eGov.kz порталы;
  • мобильді қосымшалар – e-salyqАzamat, Halyk, Bank Centercredit;
  • қағаз құжат – декларацияны пошта арқылы жіберу немесе қолма-қол тапсыру.

Осылайша қазақстандықтар декларацияны елемесе, я болмаса нақты бір кірісі мен мүлкін жасырса, оларға ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін. Сондықтан декларацияланың дұрыс толтырылуына әрі ішінде көрсетілген деректердің дұрыстығына мұқият назар аударған жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2058780-deklaraciya-tapsyrudan-zaltargan-qazaqstandyqtar-zazaga-tartyluy-mumkin-be/

pixel