Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мемлекеттік қызметкерлер мен президенттің табысын білуге бола ма

Опубликовано:

Ақша ұстап тұрған ер адам
Ақша ұстап тұрған ер адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Шенеуніктердің кірісі мен бюджет шығыстары жайлы мәліметтер ашық болса, азаматтардың салық жүйесі мен үкімет жұмысына сенімі арта бастайды. Қазақстанда президент пен мемлекеттік қызметшілердің табыс мөлшерін білуге бола ма? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Кейбір дамыған елдерде мемлекеттік қызметкерлер, тіпті президенттер өз кірісі туралы декларациясын көпшілікке қолжетімді ету үшін жариялайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Осылайша сайлау кезінде дауыс берушілердің үміткерлерге, сондай-ақ жалпы салық жүйесіне деген сенімі артады.

NUR.KZ тілшілері салық сарапшысы Нұркамила Ақышеваға Қазақстанда мұндай тәжірибені енгізуге мүмкіндік бар ма деген сауал қойды.

Нұркамила Ақышева – Ұлыбританияның Сертификатталған бухгалтерлер қауымдастығының мүшесі, АҚШ Ішкі аудиторлар институтының сертификатталған мүшесі әрі Қазақстанда лицензиясы бар бағалаушы, аудитор.

Қазақстандықтар шенеуніктердің табысы туралы біле ала ма

2021 жылдан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау бағдарламасының бірінші кезеңі басталды, оған сәйкес мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары (2025 жылы – барлық қазақстандық) жыл сайын кірістері мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті.

Бұл шаралар мемлекеттік органдардағы ашықтық деңгейін арттыруға әрі сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағытталған.

"Мысалы, АҚШ-та шенеуніктер декларация тапсыруға міндетті емес, бірақ ел президенттері үшін бұл қалыпты нормаға айналды.

Ақ үйдің ресми сайтында АҚШ президенті мен оның отбасы мүшелері жайлы декларациясымен танысуға болады. Мұның тәрбиелік мәні бар, өйткені мемлекет басшылары ел азаматтарына белгілі бір мінез-құлық нормаларын насихаттайды, яғни олар үлгі тұтарлық әрекет етуге, өмір сүруге тырысады.

Алайда заң бойынша президенттік қызметте жүргендер салық декларациясын жариялауға міндетті емес, бұл оның қоғам алдындағы беделін көтеруге бағытталған сындарлы қадам ретінде қарастырылады", – деді Нұркамила Ақышева.

Алайда елімізде жалпыға бірдей декларация туралы қаулы қабылданғанның өзінде мемлекеттік қызметкерлерге тиесілі кірістердің көпшілікке қолжетімділігі күмәнді.

Мәселен, 2023 жылғы қыркүйекте үкімет отырысының қорытындысы туралы өткен брифингте ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин шенеуніктердің кірістері жайлы декларация жарияламайтынын айтты.

"Жариялау жайлы заңнамада сөз айтылған жоқ. Жалпы декларацияда жария ету қарастырылмаған. Бұл заң бойынша бекітілмеген", – деді Амрин.

Сарапшының айтуынша, дамыған елдерде шенеуніктер өз кірістері туралы ақпаратты көпшілікке қолжетімді етеді, бұл әлем бойынша кең тараған тәжірибе. Ал Қазақстанда бұл шара азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырар еді.

"Лауазымды тұлғалардың декларациясы қоғамға қолжетімді болуы керек, олардың қызметі көпшілікке жария болуы керек әрі қоғамдық бақылау қамтамасыз етілуге тиіс. Менің ойымша, тұрғындар үшін мұндай ақпарат қолжетімді болуы қажет", – деді сарапшы.

Бұл ретте оның сөзінше, АҚШ-та бұл мәселеге қатысты өзге шешім қарастырылған.

Қай елдерде мемлекеттік қызметшілердің кірістері жариялануға міндетті

Әдетте Швеция, Финляндия, Норвегия, Сингапур, Германия, Голландия және тағы басқа елдерде мемлекеттік қызметшілердің кірістері міндетті түрде жариялануға тиіс.

"Бұл елдерде мемлекеттік қызметкерлердің кірістерінің ашықтығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске әсер етеді, оған қоса бұл халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін сақтауға бағытталған маңызды элемент", – деді ол.

Сондай-ақ сарапшының сөзіне сенсек, Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сот декларацияның жариялануын әрі интернетте оның қолжетімділігінің қамтамасыз етілуін қолдайды.

Осылайша сот қаулысына сәйкес, көпшілік заңды түрде жергілікті саясаттың ашық екенін білуге құқылы, ал декларациялардың Интернеттегі қолжетімділігі тиісті ақпаратты білуге көмектеседі.

Егер ол қолжетімсіз болса, міндеттемелердің ешбір практикалық мәні болмас еді немесе қоғам саяси үдерістер жайлы бейхабар болуы ықтимал еді.

Осылайша мемлекеттік қызметкерлердің, оның ішінде ел президентінің кіріс мөлшерін анықтау мүмкіндігі азаматтардың билікке, салық жүйесіне деген сенімін арттыруға себін тигізуі ықтимал. Демек, оның тиімділігі де артады деген сөз.

Алайда Қазақстанда мұндай шаралар әлі қолға алынбаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2059092-memlekettik-qyzmetkerler-men-prezidenttin-tabysyn-biluge-bola-ma/

pixel