Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сарапшылар еліміздегі әр төртінші адамның банк шоты бұғатталғанын айтты

Опубликовано:

Телефон ұстап отырған әйел
Телефон ұстап отырған әйел. Көрнекі фото: fizkes/Getty Images

Кредит төлемін кешіктірген қазақстандықтардың банк шоттары бұғатталуы мүмкін. Елімізде қарыз төлемін кешіктіргендерге қарсы қолданылатын мұндай шара күн санап артып барады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Несиелер, салықтар мен коммуналдық төлемдерді уақытылы төлемеген қазақстандықтар борышкерлер тізіміне кіруі мүмкін.

Бұл жағдайда қарыз сомасы (айыппұл мен өсімпұл) ұлғаюы ықтимал. Одан кейін де төлемесе, мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылады. Яғни банк шоттары мен депозиттері бұғатталып, еңбекақысынан ақша ұсталуы, тіпті елден шығуға, мүлкіне тыйым салынуы мүмкін.

"Ұлағат Консалтинг Групп" зерттеу-консалтингтік компаниясының сарапшылары елде бұғатталған банктік шоттардың саны артып бара жатқанын айтады.

Әрбір төртінші банктік шот бұғатталған

Сарапшылардың айтуынша, Әділет министрлігінің 2023 жылғы қорытындысына сәйкес, жеке тұлғалардың бұғатталған шотының саны 38,5 миллионнан асқан. Ал жеке тұлғалардың банктік шоттарының саны бойынша жалпы статистиканы ескерсек, бұғатталған шоттардың үлесі 25,9 пайызға тең.

Яғни әрбір төртінші шотқа қарызды өндіріп алу шаралары қолданылған.

"Бұл көрсеткіш, әсіресе соңғы 2 жылда алаңдатарлық деңгейде өсіп бара жатқаны байқалады. Егер 2021 жылы жеке тұлғалардың бұғатталған банктік шотының саны 41 пайызға өссе, 2022 жылы 82 пайызға артқан. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 125 пайызға дейін жеткен.

Осылайша 2023 жылы жеке тұлғалардың бұғатталған шотының саны 21,4 миллион болған, бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы санынан көп. Жеке тұлғалардың бұғатталған шотының үлесі 2022-2023 жылдары 9 пайыздан 25,9 пайызға, яғни 2,9 есеге көбейген", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар сарапшылардың сөзіне сенсек, бұл тенденцияның заңды тұлғаларға да қатысы бар: 2023 жылдың соңында банктік шоттары бұғатталған компаниялар саны 540,7 мыңға жетті. Алайда былтыр заңды тұлғалар небәрі 526,3 мың жаңа шот ашқан.

"Бұғатталған шоттардың динамикасы алаңдатады. Егер 2021 жылы заңды тұлғаларға тиесілі бұғатталған шоттардың саны 17 пайызға өссе, 2022 жылы 42 пайызға, ал 2023 жылы 257 пайызға өскен", – дейді сарапшылар.

Бұл нені білдіреді

"Ұлағат Консалтинг Групп" компаниясының директоры Марат Қайырленовтің айтуынша, бұл көрсеткіштерден қазақстандықтар мен компаниялардың басым бөлігі несие, коммуналдық төлемдер, айыппұлдар және т.б. қарыздарын төлей алмайтынын көрсетуі мүмкін.

Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүейсіндегі дерекке сүйенсек, 2024 жылғы 6 ақпандағы жағдай бойынша 43,3 миллион шот бұғатталған. Яғни қаңтарда бұғатталған шоттар саны тағы 3,7 миллионға артқан.

"Шоттар бұғатталған кезде жеке немесе заңды тұлға іс жүзінде өзінің экономикалық қызметін жүзеге асыра алмайды.

Осылайша бұл мәселенің ауқымы мен динамикасы тікелей мемлекеттік экономикалық саясатты өзгерту және оны азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға және кәсіпкерлікті дамыту үшін нақты жағдай жасауға бағдарлау қажеттілігінің айқын белгісі", – деді Марат Қайырленов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2059635-sarapsylar-elimizdegi-ar-tortinsi-adamnyn-bank-soty-bugattalganyn-aitty/

pixel