"Ұлттық қор – балаларға": елде шетелдік балаларға арналған шот ашылғаны рас па
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚаржы вице-министрі Ержан Біржанов сенат кулуарында Қазақстан азаматтығы жоқ балалардың Ұлттық қордан төлем алуға мүмкіндігі бар-жоғын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Журналистер үкіметтің жасаған мәлімдемесіне сүйеніп, Қазақстан азаматтығы жоқ балаларға "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында төлемдер түспейтінін айтты.
Осыған байланысты журналистер Қазақстан азаматы болып саналмайтын кейбір балалар аталған төлемдерді алды деген ақпаратты түсіндіріп өтуін сұрады.
"Шетелдік балаларға ақша аударылғаны туралы бірде-бір деректі естіген жоқпын, мұндай ақпарат анықталса, әрине, тиісті шаралар қолданылады.
Жобаға қатысудың маңызды шарттарының бірі – Қазақстан азаматтығы. Егер бала ел азаматтығынан айырылса, түскен ақша елде қалады", – деді Ержан Біржанов.
Оның айтуынша, шетелде бөлек шот ашылған жоқ.
"Барлық баланың шоты БЖЗҚ-да жинақталған, ондай жайт болғанның өзінде ақша ешқайда кеткен жоқ, себебі қазір ол бірыңғай оператор ретінде БЖЗҚ депозиттік шотында жинақталған.
Біз оларды жеке банк шоттарына жібермейміз, бұл ақшаның бәрі Қазақстанда", – деп түйіндеді вице-министр.
Айта кетейік, 2024 жылғы 31 қаңтардан бастап "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында қазақстандық балаларға ақша түсе бастады. Балалардың шоттарына 100,52 доллардан (Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша 45 050 теңге) қаражат түсті.
Содан кейін, қаржы вице-министрі неліктен балаларға Ұлттық қордан 170 доллар емес, 100 доллар түскенін түсіндірген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2059886-ulttyq-qor-balalarga-elde-seteldik-balalarga-arnalgan-sot-asylgany-ras-pa/