Қазақстандық балалар Ұлттық қордан ақша ала бастады
Жарияланған күні:
Бүгін "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында қазақстандық балаларға ақша түсе бастады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Алғашқы түскен қаражатты "Электронды үкімет" және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайттарынан көруге болады: eGov.kz және kids.enpf.kz.
Мысалы, қазіргі уақытта қазақстандық балалардың шоттарына 100,52 доллар (Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша 45 050 теңге) қаражат түсті.
"Ұлттық қор – балаларға" жобасы биылдан бастап іске қосылды. Оның аясында балалар жыл сайын 18-ге толғанша ұлттық қордан ақша алып отырады. Бірақ ақшаны 18-ге толғаннан кейін бірақ алуға болады.
"Ұлттық қор – балаларға"
Қазақстанда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында Ұлттық қордан кәмелет жасына толмаған барлық қазақстандықтың шотына алғашқы төлемдер түсе бастайды. Заңнамаға өзгерістер енгізу туралы тиісті қаулыға қол қойылды.
Тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға сәйкес, жоба аясында балалардың шотына жыл сайын 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қор инвестициялық табысының 50 пайызы түсіп отырады.
Бала 18 жасқа толған кезде оның жинағы нысаналы жинақтау шотына (НЖШ) аударылады. Кейін ондағы қаражатты тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсауға болады.
Ал жинақ иесі 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл ішінде төлемді алуға өтініш бермеген жағдайда шоттағы сома ерікті зейнетақы жарналары ретінде есепке алынып, оның жеке зейнетақы шотына аударылады.
Балаңыздың жинағы туралы ақпаратты бақылауға бола ма?
Кәмелет жасына толмаған қазақстандықтардың шотында қаражат жинақталғанша, олардың ата-аналары қанша қаражат жиналғанын тексеріп отыра алады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) баспасөз қызметі хабары бойынша, баланың жинағы туралы жалпы ақпаратты БЖЗҚ сайтынан немесе мобильді қосымшасынан білуге мүмкіндік бар. Ал толығырақ ақпарат алу үшін Электрондық үкімет порталына кіру керек.
Естеріңізге салайық, Ұлттық қордан төлем алу үшін баланы еш жерде тіркеудің қажеті жоқ. Жоба аясындағы көрсетілетін қызмет мемлекеттік органдардың дерекқорында сақталған ақпарат негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады.
Бірақ сарапшылар кәмелетке толмаған баланың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бар-жоғын және оның дұрыстығын тексеруге кеңес береді.
Ең маңызды сұрақтардың жауабын мына жерде түсіндірген едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2058540-qazaqstandyq-balalar-ulttyq-qordan-aqsa-ala-bastady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.