Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандықтар жалпы декларацияда қандай ақпаратты көрсетуге тиіс

Жарияланған күні:

Читать на русском
Құжат қарап отырған қызметкерлер
Құжат қарап отырған қызметкерлер. Көрнекі фото: pixabay.com

Бүгінде салық декларациясын тапсыратын қазақстандықтардың қарасы күн санап өсіп келеді. Осы орайда елімізде декларацияны тапсыру кезінде қандай ақпаратты көрсету қажет? KAZ.NUR.KZ тілшісі бұл сұраққа жауап іздеп көрді.

Биыл жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы бастапқы декларацияны (250.00 форма) заңды тұлғалардың басшылары мен қатысушылары (тіпті ісін жүргізбей отырғандар мен қызметін тоқтатқандар), жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары 15 қыркүйекке дейін ұсынуға тиіс.

Бұған дейін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2024 жылы тағы 3,9 млн жеке тұлға жалпыға бірдей декларациялау жүйесімен қамтылатынын хабарлаған болатын.

Бұл ретте қазақстандықтар декларацияда нақты қандай ақпарат көрсетуі керек деген сұрақ туындауы мүмкін.

Декларацияны қалай толтыру керек

250.00 формасын онлайн тапсыруға да болады. Ол үшін Электрондық үкімет порталына (eGov.kz) кіріп, "Кеден және салықтар" бөлімінде "Салық салу" тармағын, одан соң "Декларацияны тапсыру" қызметін таңдау керек.

Декларация тапсыру бойынша онлайн қызмет
Декларация тапсыру бойынша онлайн қызмет. Скриншот: egov.kz

Содан кейін терезе ашылады, ол жерде көрсетілген сұрақтарға жауап беріп, қажетті пунктерді таңдау қажет:

  • салық кезеңі – оны көрсеткен кезде 2023 жылды таңдауыңыз керек, өйткені барлық азаматтың мәліметтері өткен жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша беріледі;
  • салық төлеушінің санаты – сайланбалы лауазымға кандидат адамдар "А" тармағын, ал декларацияға қатысушылар "В" тармағын таңдайды;
  • ЖСН – әдетте сайтқа кіру кезінде автоматты түрде енгізіледі;
  • телефон және электрондық жәшік – телефон нөмірі де әдетте автоматты түрде енгізіледі;
  • декларация түрі – "Бастапқы" тармағын таңдаңыз;
  • резиденттік белгісі – (Қазақстан азаматтарына) Қазақстан Республикасының резиденті тармағын таңдау керек.

Декларация тапсыру кезінде қандай ақпаратты көрсету қажет

Одан соң азамат өзінде қандай меншік түрі бар деген сұрақтарға жауап беруі керек. Егер қазақстандықта пункттерде ұсынылған мүліктердің бірі бар болса, онда тиісті пунктті белгілеу керек. Мысалы, бірінші пунктте "Егер Сізде айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген мөлшерінен аспайтын сомадағы қолма-қол ақша болса, онда қанат белгісін (құсбелгі - ред.ескертпесі) қойыңыз" деген пункт бар.

Оны тек 2023 жылғы 31 желтоқсанда кез келген сомада қолма-қол ақша болған жағдайда таңдау қажет. Бірақ 34 500 000 теңгеден аспайтын соманы көрсетуге болады, ал қалған қаражатты екінші деңгейлі банктерде сақтаған жөн.

Декларация тапсыру бойынша онлайн қызмет
Декларация тапсыру бойынша онлайн қызмет. Скриншот: egov.kz

Декларацияны тапсырушы құжат толтыру барысында сәйкес келетін барлық пунктке құсбелгі (eGov.kz-те қанат белгісі деп көрсетілген) қойып шығуы керек.

Осылайша декларация тізімінің соңында сіз бұған дейін таңдаған пункттер бойынша қосымша терезелер ашылады. Бұл терезелерге сіз таңдалған пунктке қатысты егжей-тегжейлі ақпаратты енгізуіңіз керек. Сондай терезелердің бірінің скриншотын мысал ретінде назарға ұсынамыз.

Декларация тапсыру бойынша онлайн қызмет
Декларация тапсыру бойынша онлайн қызмет. Скриншот: egov.kz

Келесі екі пункт қазақстандықтың шетелдегі жылжымайтын мүлкі мен көлік құралдарының бар-жоғын көрсетуге арналған.

Айта кетейік, аталған тізімге Қазақстандағы жылжымайтын мүлкіңіз, көлік құралдарыңыз бен банктік шоттарыңыз жайлы ақпаратты көрсетіп керек емес. Себебі бұл ақпараттың бәрі онсыз да мемлекеттік деректер базасында бар.

Одан кейінгі пункттерде Қазақстан Республикасынан тыс шетел банктерінде жалпы сомасы 1000 АЕК-тен (2023 жылдың аяғындағы жағдай бойынша 3 450 000 теңге) асатын қолма-қол ақша салымдарының және шоттарыңыздың бар-жоғын, шетелдік заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу тұрғысынан үлестеріңіздің (акционерлік қоғамдарды есепке алмағанда) бар-жоғын, Қазақстанда және шетелде жылжымайтын мүлік құрылысына қатысу тұрғысынан үлестеріңіздің бар-жоғын көрсетуіңіз қажет.

Сондай-ақ бар болған жағдайда Қазақстандағы әрі шетелдегі активтер (инвестициялық алтындар, құнды қағаздар, туынды қаржы құралдар, цифрлық активтер (криптовалюта), пай бойынша инвестициялық қорлардағы пайлар), сондай-ақ 1000 АЕК-тен асатын т.б. мүліктің бар-жоғы туралы ақпаратты одан кейінгі пункттерде көрсету қажет.

Несие мен ипотека жайлы ақпаратты көрсету қажет пе

Қазақстандықтарда кейде "Егер сізде дебиторлық/кредиторлық, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде берешек болса, онда қанат белгісін (құсбелгіні - ред. ескертпесі) қойыңыз" деген пунктті толтыру кезінде сұрақтар туындайды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, декларацияны толтырушы біреудің пайдасына немесе керісінше өзі үшін алған белгілі бір қарыздары (мәселен, нотариалды куәландырылған келісімшарт я өзге құжат негізінде жеке тұлғалардан не компаниялардан алынған қарыз, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарынан алынған қарыз) болған жағдайда ғана бұл пунктке құсбелгіні (eGov.kz-те қанат белгісі деп көрсетілген) қоюы қажет.

Яғни егер сіз тек қазақстандық банктерден несие алсаңыз, бұл пунктті таңдаудың қажеті жоқ.

Ипотека, автокөлік несиесі әрі банктерден алынған т.б. несиелер (сондай-ақ банктерде жатқан жинақ) туралы ақпаратты 250.00 салық формасында көрсетіп қажет емес.

Бұған дейін Декларация тапсырудан жалтарған қазақстандықтар қандай жазаға тартылуы мүмкін екенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2061300-qazaqstandyqtar-zalpy-deklaraciyada-qandai-aqparatty-korsetuge-tiis/