Алматыда жер сілкінісінен кейін баспанаға деген сұраныс қаншалықты өзгерді
Жарияланған күні:
Читать на русскомЖер сілкінісінен кейін алматылықтар көпқабатты үйлердегі пәтерін сатып, жер үйге я жер сілкінісі сирек болатын қауіпсіз аймақтарға көшіп жатқаны рас па? Бұл сұраққа KAZ.NUR.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.
Бірнеше рет болған жер сілкінісі Алматының жылжымайтын мүлік нарығына өзіндік әсерін тигізді.
Еске салайық, магнитудасы 5 балға жеткен алғашқы қатты жер сілкінісі 23 қаңтарға қараған түні болған еді. Кейін сарапшылар Алматыда жер үйді жалға алуға деген сұраныс күрт артқанын айтқан.
Ал екінші күшті жер сілкінісі 4 наурызда болды – оның ошағы мегаполистен небәрі 31 шақырым жерде болған.
"Крыша" порталы ақпараты бойынша, жер сілкінісінен кейін Алматыда жеке секторда тәулікке берілетін жалдамалы үйлерге сұраныс артқан – көпқабатты үйлердің тұрғындары қатты жер сілкінісінен кейін біраз уақытқа созылуы мүмкін афтершоктардан қашудың амалын іздеп, басқа баспана қарастырған.
Осылайша бұл категориядағы жалдамалы тұрғын үйлерге күніне келіп түсетін сұраныс пен қоңыраулар саны 3 есе артқан. Жер үйді ұзақ мерзімге жалға беру туралы хабарландырулар қаралымының саны да екі есе өскен.
Дегенмен тәулікке берілетін жалдамалы үйге сұраныс мерекелерге де байланысты жоғарылаған – адамдар Наурыз мерекесін тойлау үшін қолайлы жер үй іздеген болуы мүмкін, сондықтан тұрғын үй нарығындағы бұл категорияның өсімі уақытша болуы ықтимал.
Жылжымайтын мүлік нарығына әсер ететін одан бөлек айтарлықтай себеп жоқ. Соңғы тәулікте Алматыда пәтерлерді сату бойынша жаңа хабарландырулар саны арта қоймады. Көрсеткіштерге сүйенсек, пәтер сату бойынша жарияланымдар көлемінің өзге күндегі хабарландырулар санынан айырмашылығы жоқ. Астанадан пәтер алғысы келетіндер де көбейе қоймаған.
Бір қызығы, Алматыдағы қаңтарда болған жер сілкінісінен кейін азаматтардың жер үйді сату туралы хабарландыруларға қызығушылығы арта бастаған. Бірақ ақпанның соңына қарай бұл тенденция төмендей бастады, алайда 4 наурызда бұл категорияға деген сұраныс бойынша қайтадан өсім байқалған.
Дегенмен сұраныс саны артқанымен, сатылымдар саны артпауы ықтимал. Мысалы, қаңтардағы статистикаға сүйенсек, жер үйге сұраныс көлемі күрт өспеген еді. Сарапшылар оның бағасына да байланысты 5 наурыздағы жағдай бойынша елеулі өзгерістерді тіркемеген.
Бұл ретте алматылықтар жер үй алмаса да, көпқабатты ғимараттардың биіктігі мен қабат санына назар аудара бастады, ал сатушылар хабарландыруды жариялау кезінде көпқабатты үйдің жай-күйі жайлы ақпаратты қоса бастады: "жер сілкінісі кезінде үй қозғалған жоқ", "жер сілкінісінен кейін қабырғалары сөгілген жоқ", "үй қауіпсіз аймақта, жер жарығынан алыс орналасқан" және т.б.
Еске салайық, бұған дейін соңғы кездері қазақстандықтар жер сілкінісіне байланысты өз үйлерін жиі сақтандыра бастағанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2064765-almatyda-zer-silkinisinen-keiin-baspanaga-degen-suranys-qansalyqty-ozgerdi/